Елордада бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаражат жымқырғандарға сот үкімі шықты

0
1 903

Бюджет қаражатын жымқыруға дем берушілік фактілері бойынша жобаның іске асырылуын бақылауды қамтамасыз етпеген ЖЭО-1 және ЖЭО-2 директорлары мен бірқатар басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.


Елордада бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаражат жымқырғандарға сот үкімі шықты

Электр және жылу энергиясына тарифтерді қалыптастыру кезінде заңдылықтың жай-күйіне қатысты өткен жылғы тексеру қорытындысы бойынша Астана қаласының прокуратурасы "Астана-Энергия "АҚ Басқарма төрағасының орынбасары О. В. Уткинге және " Тесла" ЖШС-ның директоры И. А. Веселыйға қатысты сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу фактісі бойынша (ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2015 жылдың наурыз айында "Астана-Энергия" АҚ мен "Фирма "Акназар" ЖШС ЖЭО-1,2 жылуды коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнату жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы 375 млн.теңге сомасында шарт жасасқаны анықталды.

Шарт талаптарын орындау үшін ЖШС басқа қосалқы мердігерлік ұйымды – "Тесла" ЖШС директоры И. А. Веселыйды тартқан, олар өз кезегінде жұмыстардың тиісті орындалуын қамтамасыз етпеген.

Сот құрылыс-экономикалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, нақты орындалған жұмыстардың көлемі мен құны қабылдау актілерінде және бекітілген жобалау-сметалық құжаттамада көрсетілген көлем мен құнына сәйкес келмеген. Нәтижесінде орындалмаған қызметтер мен жеткізілмеген жабдықтардың құны 103 млн.теңгені құраған.

Істі тергеу барысында О. В. Уткин және И. А. Веселый өз кінәсін толық мойындап, прокурормен кінәні мойындау туралы мәміле түрінде іс жүргізу келісімін жасады. Мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Сондай-ақ бюджет қаражатын жымқыруға дем берушілік фактілері бойынша жобаның іске асырылуын бақылауды қамтамасыз етпеген ЖЭО-1 және ЖЭО-2 директорлары мен бірқатар басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Нұр-Сұлтан қаласы "Байқоңыр" ауданының № 2 сотының а.ж. 8 ақпандағы үкімімен О. В. Уткин кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға, И. А. Веселый 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға сотталды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Дереккөз: Астана қаласының прокуратурасы баспасөз қызметі