​Елордада қоғамдық көліктің қатысуымен тағы бір жол апаты болды

0
1 278

Компаниядан мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ.


​Елордада қоғамдық көліктің қатысуымен тағы бір жол апаты болды

ERNUR.KZ. Елордада №300 бағыттағы экспресс-автобус пен жеңіл көлік соқтығысты, деп жазады ҚазАқпарат.

«№300 автобус Қорғалжың тасжолымен қалаға қарай келе жатқан. Онымен бір бағытта қозғалған «Субару» маркалы автокөлік автобусты басып озып, кенет жолаушылар көлігінің алдына тоқтай қалған. Ақыры автобус жеңіл автокөліктің артына соғылған», - деп хабарлады «Астана ЛРТ» компаниясынан.

Компаниядан мәлім еткендей, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ.

«Ешкім зардап шеккен жоқ. №300 автобустың жүргізушісіне қатысты хаттама толтырылды. Ол АП1 (Автобус паркі) басшылығының шешімі бойынша, жұмыстан шеттетіліп, Біліктілік орталығына қайта оқуға жіберіледі», - делінген хабарламада. Автобус жүргізушісінің 13 жылдық еңбек өтілі болған. Он жылдан бері №1 автопаркте еңбек етеді.

Еске сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын жүрдек автобус қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған автобусқа соғылды. №301 бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Жол апатынан 36 адам жарақат алды. Бір әйелдің аяғы ампутацияланды.

Ал кеше ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев аталмыш жол апаты бойынша тергеудің барысы туралы айтты.

«Сотқа дейінгі медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Барлықтарыңыз да «Сергек» камераларының арқасында автобустың қалай соғылғанын көрдіңіздер. Егер тежегіші істен шықса, жүргізуші апатты болдырмаудың өзге шараларын қабылдайтын еді. Медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Ол жүргізуші өлімінің себебін көрсетіп береді», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол автобусқа да техникалық сараптама жүргізіліп жатқанын айтты. «Автобустың алдыңғы бөлігінің талқаны шыққан. Меніңше, бір айдың ішінде жауабын береміз», - деді Е.Тұрғымбаев.