Елордада маркасы және нөмірі бірдей 2 көлік анықталды

0
638

Ұсталған көліктердің жүргізушілерінің айтуынша, олар автомобильді заңды жолмен сатып алған.


Елордада маркасы және нөмірі бірдей 2 көлік анықталды

ERNUR.KZ. НұрСұлтан қалалық Полиция департаментінің қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірі бірдей 3 көлікті анықтады, деп жазады ҚазАқпарат.

Полиция департаментінің мәліметінше, әкімшілік полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы жол қозғалысына мониторинг жасау барысында бір-бірінен аумайтын екі көлікті анықтаған. Осыдан кейін полицияның барлық саптық бөлімшелеріне ұқсас көліктерді ұстау туралы бағыттама жіберілген.

«Видеобақылау камераларымен қарау барысында 11 тамыз күні автомобильдердің бірін полиция қолға түсірді. Келесі күні мемлекеттік тіркеу нөмірі бірдей екінші көлік анықталып, ұсталды. Ұсталған көліктердің жүргізушілерінің айтуынша, олар автомобильді заңды жолмен сатып алған. Сонымен қатар жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін айыппұлдарды автомобиль иелерінің бірі екіншісі үшін төлеп келген. Қазіргі уақытта бұл көліктер коммуналдық автотұраққа қойылды. Тергеу жүріп жатыр», - деп атап өтеді ведомстводан.

Сонымен қатар мемлекеттік тіркеу нөмірі дәл осындай үшінші көлік Өскемен қаласында анықталған. Көлік иесінің айтуынша, мемлекеттік тіркеу нөмірі Е 658 ВН 138 РФ «Toyota Estima» маркалы көлігіне әкімшілік айыппұл төленгені туралы ұйғарым тұрғылықты мекенжайына келіп тұрады. Бірақ құжатта көрсетілген даталарда ол елордада болмаған.