Елордада төтенше жағдай режімі енгізілген жоқ - Алтай Көлгінов

0
862

Әкім боранға байланысты туындаған жағдайға орай тұрғындарға қала аумағынан тыс жерге шықпауға кеңес берді.


Елордада төтенше жағдай режімі енгізілген жоқ - Алтай Көлгінов

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов боранға байланысты қала тұрғындарына елорда аумағынан шықпауға кеңес берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Елорданың Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режімін енгізуді ұсынды. Қазір біз бұл ұсынысты комиссиялық түрде тыңғылықты талқылаймыз. Дегенмен, дүрбелең тудыруға негіз жоқ. Ауа-райына қатысты өткен отырыста барлық қызметтердің өкілдерін тыңдадық. Осы орайда тиісті жоспарды құрып, күшейтілген тәртіпте жұмыс істейтін боламыз», - деді А. Көлгінов.

Сонымен қатар қала әкімі елордада төтенше жағдай режімі енгізілмегенін нақтылады.

«Егер аталған режім енгізілетін болса, эвакуациялық пунктер болуы керек. Мысалы, автобустар немесе басқа да көліктер тұрып қалған жағдайда, адамдарды жылыту және тамақтандыру орындары қажет. Мұнымен қоса, жеке компаниялардың техникасын тартатын болсақ, оларға тиісті қаражатын бөлу керек. Жалпы, бұл мәселелерді өтетін комиссияда ақылдасамыз», - деп түсіндірді Көлгінов.

Әкім боранға байланысты туындаған жағдайға орай тұрғындарға қала аумағынан тыс жерге шықпауға кеңес берді.

«Ең бастысы, тұрғындар сабырлылық танытып, қала сыртына шықпауын сұрап отырмыз», - деді Алтай Көлгінов.