Елордада жаңа аллея ашылуы мүмкін

0
934

Оған «Қаламгерлер аллеясы» деген атау беру ұсынылып отыр.


Елордада жаңа аллея ашылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Жаңа аллеяның ашылуы туралы бүгін қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы өтті, деп жазады Елорда Инфо.

«Елорданың Сарыарқа ауданында орналасқан аллеяны «Қаламгерлер аллеясы» деген атау беруді ұсынамыз. Аллея «Жастар» сарайынан Қ. Қуанышбеков атындағы қазақ драма театрына дейінгі аумақты алып жатыр. Бұл бастаманы жазушылар одағы мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қолдап отыр. Өйткені аталған орын Абай ескерткішіне, Абай даңғылына, С.Сейфуллин мұражайына жақын орналасқан. Яғни халық ең жиі аралайтын орындардың бірі», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев мәслихат отырысында.

Оның мәлімдеуінше, үстіміздегі жылдың 24 шілдесінде қалалық ономастика комиссиясының отырысында аталған бастама оң шешімін тапты.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысының 4 тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақ халқының пікірін ескеру үшін қаладағы көше атауларына атау беру және қайта атауға қажетті материалдарды тиісті мәслихаттардың қарауына енгізіледі», - деді ол.

Қалалық мәслихат депутаттары аталған бастаманы қолдады, енді аллеяға жаңа атау беру республикалық комиссияға ұсынылатын болады.