Елордада жаппай төбелес болды – күдіктілер 5 жылға сотталуы мүмкін

0
595

Төбелесті 32, 29 және 25 жастағы жігіттер бастаған.


Елордада жаппай төбелес болды – күдіктілер 5 жылға сотталуы мүмкін

ERNUR.KZ. Астананың орталық көшелерінің бірінде жаппай төбелес болды, деп жазады ҚазАқпарат.

15 шілде күні сағат 16: 36-да Есіл ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне Қабанбай батыр даңғылындағы көпірде жаппай төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына шыққан патрульдік полиция полкінің қызметкерлері төбелеске қатысушылардың бәрін ұстап, полиция бөлімшесіне әкелген.

«Төбелесті 32, 29 және 25 жастағы жігіттер бастаған. Жастар «Азия парк» сауда-ойын-сауық орталығының көлік тұрағында жолға сыймай, сөзге келген. Көпірге жеткен кезде ерегес төбелеске ұласқан. Төбелесті бастағандардың үстінен «Бұзақылық» бабымен бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», - дейді департамент мамандары.

Қос тарап та көшедегі жол қозғалысына кедергі кетіргені үшін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Ал қылмыстық істің қорытындысы бойынша негізгі кінәлілер бас бостандығынан айырылуы да ықтимал.

«Төбелеске қатысушыларға 5 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілу ықтимал. Сондай-ақ, өзге көліктердің жүрісін шектеп, жол қозғалысын бұзғаны үшін көлік иелері Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 614-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті автокөлік иелеріне қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады», - делінген департаменттің мәліметінде.