Енді екінші деңгейлі үйлерді де жалға алуға болады

0
585

​Маман жалға алынған пәтерді субсидиялау қалай жүргізілетінін айтты.


Енді екінші деңгейлі үйлерді де жалға алуға болады

ERNUR.KZ. Алматы облысының Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ерке-Бұлан Усманбаев жалға берілетін тұрғын үй құрылысының қарқыны жайлы айтып берді, деп жазады baq.kz.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру бойынша тұрғындардың жалға алу пәтерін субсидиялау тетігі енгізіліп жатыр.

Үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі толықтай шешілгенше олардың жалға алған пәтерінің жартысын мемлекет төлейді, кей жерлерде 80 пайызға дейін субсидиялап беру қарастырылып отыр. Яғни, қаражат үй иесіне тікелей аударыла ма әлде жалға алушыға беріле ме осы жағы қазір талқылануда, жақын арада ол шешіледі. Пәтер бағасын субсидиялау осы жылы іске асырылады,-деді ол.

Сонымен қатар ол енді үй кезегінде тұрған азаматтар екінші деңгейлі тұрғын үйлерді де жалға ала алатынын жеткізді. Бұрын тек жаңа үйлер ғана жалға беріліп келген.

Енді жаңа үй болмаған жағдайда екінші деңгейлі, яғни бұрыннан қолданыста бар үйлерді жалға алуға болады. Дегенмен ол үйлер техникалық талаптарға сай болу керек. Жалға алынған пәтердің жартысын, кей жерлерде 80 пайызына дейін мемлекет төлеп береді. Ол үшін бір отбасындағы ең төменгі күн көріс деңгейі есептеледі. Шекті бағадан аспағандарға жалға алынған пәтерінің жартысы субсидияланады,-деді Усманбаев.

Жалға берілетін үй 5 жылға есептелген, алайда үй кезегінде тұрған адамның кезегі 2-3 жылда келсе онда жалға алу келісімшарты бұзылады. Сондай-ақ әлеуметтік азамат осал топ санатынан шығып кетсе де келісімшарт бұзылады екен. Егер кезекте тұрған азаматтың үйі 5 жыл ішінде келмесе онда пәтерді жалға алу келісімшарты ары қарай ұзартылады.
Усманбаевтың айтуынша, Алматы облысында 58 978 адам үй кезегінде тұр. Соған орай өңірде тұрғын үй салу жұмыстары белсенді жүріп жатыр.

2022 жылы облыста 304 мың шаршы метр немесе 3 869 тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде 241 мың шаршы метр немесе, 3 109 пәтер биыл пайдалануға беріледі. Салынып жатқан тұрғын үйлердің 130 мың шаршы метрі немесе 1 652 пәтер кредиттік, сатып алу құқығынсыз жалға алуға берілетіні – 112 мың шаршы метр, яғни 1457 пәтер. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарға 639 пәтер, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға 818 пәтер беру жоспарланып отыр,-деді ол.

Сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың есебінен 115 мың 600 шаршы метр болатын 1708 пәтер биыл пайдалануға берілмек. Ондағы 727 пәтер кезекте тұрған тұрғындарға беріледі екен.