Енді жоғарғы білім алудың қажеті болмай қалуы мүмкін

0
712

​Еңбекминінің бастамасы жүзеге асса, мансап сатысымен жоғарылау үшін сертификаттың өзі жарап қалмақ.


Енді жоғарғы білім алудың қажеті болмай қалуы мүмкін

ERNUR.KZ. Жергілікті және орталық билік органдарында, тіпті жеке компанияларда өз ісінің қыр-сырын меңгерген, жиған тәжірибесі мол, біліктілігі де биік деңгейде, бірақ жоғарғы оқу орнын бітірмегені және дипломының жоқтығы кесірінен жоғарылай алмай жүрген қаншама маман бар, деп жазады inbusiness.kz.

Тілдей қағаздың болмауы қаншама адамның бағын байлады. Олар аузында уызы кеппеген дипломды жас маманның келе сала, биіктеу лауазымды қанжығалай қойғанына күрсіне қарайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақыры осы әділетсіздікті жоюға бекінді. Ведомство ұлттық заңнамаға кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірлеп отыр. Бұл ретте құжатты Парламенттің қабылдайтынына сенім бар. Ол Президент Қ. Тоқаевтың биылғы жолдауындағы тапсырмасы бойынша жазылған. Мемлекет басшысы "Кәсіби біліктіліктер туралы" заңын қабылдауды ұсынды. Ол біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өз қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруға тиіс.

Бұл жүйеге көшуге мемлекет біраздан дайындалуда. Озық елдердің тәжірибесі зерделенді. Ұлттық біліктілік жүйесін енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ондағы квалификациялар, мамандардың білімі мен машығына талаптар жұмыс берушiлердiң сұранысына орай ұдайы жаңарып тұрмақ. Бұл сондай-ақ отандық еңбек нарығындағы мамандардың біліктілігін бағалаудың, білудің пәрменді жүйесіне айналуы қажет. Заңмен бірге өмірге жолдама алатын заңнамалық және заңға тәуелді актілерде лицензиялаудың, аттестаттаудың, сертификаттаудың және кәсіптік қызметтің басталғаны туралы хабардар етудің тәртібі мен шарттары айқындалмақ. Кәсіпкер, экономист Сергей Максимовтің байламынша, бұл тетік сондай-ақ еңбек мигранттарына тосқауыл қоюы мүмкін.

"Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде оның дипломы назарға алынады. Бірақ оның біліктілігі қандай екені белгісіз қалады. Салдарынан, елде шетелдік экспаттар қаптап кетті. Кейбір компания тендерде пайдалану, салмақты болып көріну үшін әдейі шетелдіктерді алады. Егер жатжұрттық экспаттар мен еңбек мигранттарына қазақстандық Ұлттық біліктілік жүйесінің сынақтарынан өтіп, біліктілік деңгейін растау туралы талап енгізілсе, кімнің кім екені нақты айқындалар еді. Әйтпесе, АҚШ-та, Еуропаның озық елдерінде өзге елден келген дәрігер не инженер арнайы курстардан өтіп, жергілікті талаптарға сай біліктілігін паш етпесе, сертификат алмаса, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге жіберілмейді", – дейді сарапшы.

Еңбек ведомствосы да осыны айтып отыр.

"Бүгінде шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде олардың білімі туралы құжаттары ғана ескеріледі. Ал біліктілікті тану процедурасы оның формальды, бейресми немесе информальды оқу нәтижесінде алған дағдылары мен білімін анықтауға мүмкіндік береді. Реттелетін кәсіптер бойынша біліктілікті тану нормалары – халықтың өміріне және қауіпсіздігіне байланысты жұмысқа жіберілу үшін міндетті болады. Бірақ басқа кәсіптер иелерін де жұмыс берушілер біліктілікті мойындау туралы құжат негізінде жұмысқа алуға құқылы болады. Азаматтар мен шетелдік жұмысшылардың құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін олардың біліктілігін тану жөнінде әрқайсысына бөлек-бөлек емес, бәріне бірдей, тең міндеттемелер мен құқықтарды қарастырған жөн деп санаймыз", – деп түсіндірді министрлік.

Министрлерге берілген мүмкіндікке бұқара да лайық Жаңа бастаманың басты бір жаңалығы – колледж не университет бітіруге қаражаты, уақыты, мүмкіндігі болмаған тәжірибелі мамандарды да біліктілік сынағынан өтуге жіберу болғалы тұр. Еңбекмині тартқан сарапшылардың пікірінше (олардың байламы консультативтік құжатта жазылған), "Білім туралы" заңында ресми және бейресми білім алу терминдері берілген, алайда олар жоғары және техникалық-кәсіптік білімі жоқ мамандарға біліктілігін растауына мүмкіндік бермейді. Жаңа заң осы олқылықты түзетуге тиіс. Оның үстіне ел басшылығы қазақстандықтарды "өмір бойы білім алу" философиясына бейімделуге үндеп келеді.

"Ересектерді біліктілік пен құзыреттіліктерін өмір бойы, ұдайы жетілдіруге ынталандыру, сондай-ақ елде бейресми және информальды білім алуды дамыту үшін "Кәсіптік біліктіліктер туралы" заңы жобасында жоғары және техникалық-кәсіптік білімі жоқ адамдарға да біліктілігін растауына жол ашатын нормалар көзделген. Осыған байланысты "Білім туралы" заңға "формальды, бейресми және информальды білім беру" ұғымдарын нақтылайтын түзетулер енгізу қажет", – делінген заң жобасына түсініктемеде.

Еңбек министрлігінің сендіруінше, қызметкерлердің біліктілігіне, біліміне, дағдылары мен машықтарына қойылатын талаптарды анықтайтын "кәсіптік стандарттарды" әзірлеу бірінші кезекте "халықтың денсаулығына, тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге және елдің қауіпсіздігіне байланысты кәсіптер бойынша еңбек нарығын жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз етеді". Тиісінше, еңбек нарығын дипломды, бірақ біліксіз кадрлардан қорғайды.

Екіншіден, университет бітірмеген, бірақ курстардан өтіп, бейресми не информальды білім алған тәжірибелі мамандарға қалаған қызметіне тұруға, мансабында өсуіне, жоғарылау жалақы алуына жол ашпақ.

Үшіншіден, ЖОО түлектері де осы сынақтан өтіп, біліктілігін растауға, университеттегі жылдарын босқа өткізбегененін, білім мен білік жиғанын дәлелдеуге мәжбүр болады.

"Пандемия кезеңінде мәселен, стоматолог, кардиолог және басқасы ковид-стационарларға жіберіліп, бұл індеттен емдеудің қысқа курсынан өтіп, тез арада эпидемиологқа айналғаны жасырын емес. Тіпті оны айтасыз, бізде министрлер өз мамандығы бойынша істей бермейді. Айталық, банкир, техникалық маман Е. Досаев Денсаулық сақтау саласын, мұғалім И. Тасмағамбетов – Қорғаныс министрлігін басқарды. Ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев – экономист. Экология саласына бұған дейін мұнайшы М. Мырзағалиев, қазір мұнайшы С. Брекешев жетекшілік етуде. Бұл ретте олардың ЖОО-да алған мамандықтары емес, іске қабілеті мен тәжірибесі ескерілгені сөзсіз", – дейді С. Максимов.

Ендеше неге өзге тәжірибелі мамандарға да әлдебір саладағы біліктілігін растап, салмақты құжатқа ие болуына жол ашпасқа? Тек бір қауіп бар. Бұл тетік жемқорлардың қолына түссе, олар қалтасын толтыру жолында еңбек нарығын біліксіз, бірақ сертификаты бар мамансымақтарға толтыруы да ықтимал.

Жалпы бұл – Еңбек министрі Серік Шәпкеновтың ойлап тапқан ноу-хауы емес. Қазақстан Франция, Эстонияның үлгісіне жүгініп отыр. Франция білім мен тәжірибені растау немесе "Validation des Acquis de l 'Expérience" (VAE) деп аталатын жүйені алғаш рет 1984 жылы енгізді. Содан бері жүйе айтарлықтай өзгерді. Адамның бейресми және информальды білім алғанын растайтын VAE рәсімдері қазір барлық сертификат беретін агенттіктерге енгізілген.

Оқудан табысты өткен кандидаттар VAE процедурасы арқылы деңгейіне қарай "ішінара" немесе "толық" сертификатты ала алады. Еңбек министрлігі заң қабылданғаннан кейінгі 5 жыл ішінде Қазақстанда Ұлттық біліктілік органында аккредиттелген 40 біліктілікті растау орталығы болады деп болжап отыр. Ал оларда біліктілігін растаудан өткен мамандардың саны бес жыл ішінде 250 мыңнан асады деп күтілуде.