Ер адам 4-қабаттан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалды

0
785

Белгілі болғандай, балаға қарап отырған әйел түнгі кезекшіліктен кейін ұйықтап кеткен, ал баланың анасы сол уақытта жұмыста болған.


Ер адам 4-қабаттан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалды

ERNUR.KZ. Петропавлда ер адам төртінші қабаттан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалды, деп жазады tengrinews.kz.

Полиция өкілдерінің айтуынша, Шухов көшесіндегі үйде екі жастағы бала терезеден құлап кете жаздаған.

"Бала бесқабатты үйдің 4-қабатындағы терезеден құлап кете жаздады. Баланы құтқарып қалған 46 жастағы Дмитрий Зайцев нағыз ерлік танытты, ол пәтерге балконнан кіріп, баланы тезеренің алдынан көтеріп алған. Дмитрий Зайцев ойланатын уақыт болмағанын айтады. Подъезде айғай естіген ол аулада жүрген адамдар ашық терезеден кішкентай баланы көріп, пәтерді іздеп жатқанын біледі. Адамдардың неге осынша алаңдап жүгіріп жатқанын білген тұрғын баланы құтқаруға тұра ұмтылған. Ол бесінші қабаттың балконынан төменгі пәтердің балконына секіріп түскен. Бөлмеге кіріп, терезе алдындағы тақтайда тұрған баланы тауып алған", - дейді полициядағылар.

Белгілі болғандай, балаға қарап отырған әйел түнгі кезекшіліктен кейін ұйықтап кеткен, ал баланың анасы сол уақытта жұмыста болған. Қазір бала анасына табысталды. Баланың өмірін құтқарып қалғаны үшін Петропавл полиция басқармасының басшысы полиция полковнигі Жандос Мұхатов ер адамды марапаттамақ.

"Мұндай деректер арамызда батырлар бар екенін көрсетеді, олар үшін адамзат борышы жәй ғана сөз емес", - деді қалалық полиция басшысы.

"Батырлар арамызда" жобасы ERG компаниясының қолдауымен өтіп жатыр. Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірлесіп "Қазақстанның дарынды балалары", "Жеңімпаздар" арнайы жобалары қолға алынған.