Ерлі-зайыптыларды татуластыратын орталық ашылды

0
1 933

Жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды татуластыру және ажырасу санын мейлінше азайту.


Ерлі-зайыптыларды татуластыратын орталық ашылды

ERNUR.KZ. Тараздың «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында Достық үйінде «Отбасы орталығы» ашылды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Отбасы орталығы» Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыстық соттың ұйымдастыруымен ашылып отыр. Медиация кабинетінде осындай орталықты құрудың басты мақсаты - араздасқан отбасыларды татуластыру, жанұядағы жанжалдарды реттеу бойынша қызметтер кешенін көрсету.

Орталықтың ашылу салтанатына облыстық сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева қатысты.

Жомарт Рүстембеков облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына осындай орталықты құруға мүмкіндік беріп, бірлескен жұмыс үшін алғысын білдірді.

«Бұдан әрі орталықта отбасы-неке даулары бойынша сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын дамыту шаралары жүргізіледі. Алда мұндай іс-шараларға бітімгер судьялар, медиаторлар, психологтар мен әлеуметтанушылар қатысады. Олардың міндеті жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды татуластыру және ажырасу санын мейлінше азайту болып табылады», - дейді Ж.Рүстембеков.

Сонымен қатар іс-шара барысында Жамбыл облысы Әділет департаментінің өкілі Ләззат Әбішева «Отбасылық сот» жаңа жобасымен таныстырды. Ол АХАТ органдарына өтініш білдірген жас жұптарға тегін тренинг, курстарды ұйымдастыру, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың жеке, мүліктік құқықтары мен міндеттеріне, алименттік міндеттемелерге, бала құқықтарына байланысты құқықтық кеңес беру мәселелері туралы айтып өтті.