"Еш тыйым жоқ". Президент Мемлекеттік туды пайдалану ережесі туралы айтты

0
653

Президент өз тапсырмасы бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілгенін айтты.


ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту туралы ой қозғап, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шыққан түркістандық Мұхамед Қансейітті жиынға арнайы шақырғанын айтты, - деп жазады Tengrinews.kz.

"Еліміздің барша азаматтарын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символ - Мемлекеттік ту. Егемен елдің аспанында, Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде желбіреген туымыз - бәріміздің мақтанышымыз. Қазақстанның көк байрағы ғарышқа сапар шекті, ең биік шыңдарда желбіреді.
Туымызға арналған керемет әндер, өлең-жырлар бар. Әрбір азаматымыз оларды тыңдаған сайын ерекше рухтанады. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда туымызды көтеріп, әнұранымызды шырқап жүр. Олардың көк туымызға деген ерекше құрметі барша әлемді тәнті етіп жатыр. Бұл - нағыз отаншылдықтың белгісі. Шынайы отансүйгіштік әрбір азаматымыздың бойында бар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінгі салтанатты жиынға түркістандық Мұхамед Қансейітті арнайы шақырғанын айтты.

"Ол қауіп-қатерге қарамастан, Туымызды және Елтаңбамызды өрттен аман алып шықты. Осындай азаматтардың арқасында біздің мемлекеттілігіміздің тұғыры нығая түседі. Біз оларды жастарға үлгі-өнеге етуіміз керек. Отаншылдық ұрандаған сөзден емес, нақты істен көрінеді. Азаматтарымыз еліміздің дамуына табанды еңбегімен үлес қосады. Сондай-ақ, қастерлі Отанымыздың тұтастығын ерлігімен нығайтатын азаматтар да аз емес. Кейбір елдердің тұрғындары өз рәміздерін ерекше қадірлеп, барлық жерде асқақтатып жүреді", - дейді Мемлекет басшысы.

Президент өз тапсырмасы бойынша елімізде мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережесі өзгертілгенін айтты.

"Әрбір азаматымыз қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ", - деді Президент.