Есінен танғанша ұрған: Павлодарда әйел күйеуінің қолынан қаза тапты

0
618

​Күдікті полицияның уақытша қамау изоляторына тоғытылды. Ол он екі жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.


Есінен танғанша ұрған: Павлодарда әйел күйеуінің қолынан қаза тапты

ERNUR.KZ. Павлодар облысында ерлі-зайыптының арасында жанжал шығып, күйеуі әйелін ұрып өлтірген, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, 17 тамыз күні полицияға ер адамның өз әйелін өлтіргені туралы хабар түскен. Тәртіп сақшылары қылмыстық істің мән-жайын анықтады.

"Баянауыл ауданындағы шаруа қожалығының бірінде отбасылық жанжал шыққан. Күйеуі әйелін есінен танғанша ұрды. Жұбайы алған дене жарақатынан жедел жәрдем келгенше қайтыс болды", - дейді полицейлер.

Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлімі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.

Күдікті ұсталып, Баянауыл аудандық полицияның уақытша қамау изоляторына тоғытылды.

Айта кетері, осы қылмыс үшін 8 жылдан 12 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Павлодар облысында жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан дене жарақатын салудың 13 фактісі тіркелген.