​Ескендір Сүлейменовтың туыстары: Айыпталушыға мейірімділік танытқымыз келмейді

0
2 021

Адвокат Дамир Сальдинов БАҚ арқылы жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған Ескендір Сүлейменовтың ата-анасының үндеуін жариялады.


​Ескендір Сүлейменовтың туыстары: Айыпталушыға мейірімділік танытқымыз келмейді

сурет:globalsib.com

ERNUR.KZ. Адвокат Дамир Сальдинов БАҚ арқылы жол-көлік оқиғасы салдарынан көз жұмған Ескендір Сүлейменовтың ата-анасының үндеуін жариялады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз өкінішті, көңіл білдіруді, шынайылық пен өз айыбын жуып-шаюға деген ұмтылысты көрмедік. Сотталушының көзінде тек өзі үшін үрей, қатаң жазадан қорқыныш, бас бостандығынан айырылудан сескену ғана бар. Жүрегінің түкпірінде заңда қарастырылған жауапкершіліктен жалтаруға деген үміт тұр. Барлық сот отырыстары барысында қорғаушы мен қорғалушы сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында белгілі болған барлық жайға күдік-күмән келтіруге тырысқандықтан, бүгінгі таңда Малика Мұхитоваға мейірімділік танытуды жөн көріп отырған жоқпыз», - деді көз жұмған жігіттің әкесі Сергей Хан.

Ол сонымен бірге, мұның бәрі де ұлын жоғалтқан қайғысын баса алмайтынын айтады.

«Әке және шеше ретінде біздің жүрегіміздегі қайғы басылатын емес. Өмірдегі ең үлкен қасірет - ата-анасының баласын жер қойнына тапсыруы. Міне, сондықтан біздің елде басқаның айыбы үшін өз баласын көмуге мәжбүр болған ата-аналар аз болса дейміз», - дейді Ескендірдің әкесі.

Өз кезегінде Ескендірдің анасы сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы болғанын, бірақ бұны айыпталушы тарап қайтпай қалағанын атап өткен.

«Біздің бұл хатты жазудан басқа амалымыз қалмады. Себебі, бөтеннің қайғысын бөлісе алмайтын және сенсацияға құмар журналистер біздің қасіретімізді көрсете отырып, қайғымызға қайғы жамайды. Біздің отбасымызға бұның керегі жоқ! Біздің қайғымыздың шегі жоқ. Жүректегі жарамызды ешкім де жаза алмас. Сот процесінде журналистердің қатысуына қарсы болдық. Алайда сот түсірілім жасауға, сұхбат беруге рұқсат берді. Бұл ретте тек жәбірленушілерді, яғни бізді ғана түсірмеу міндеттелді. Бұл кімге керек еді? Сотқа журналистерді кім шақырды? Әлбетте, сотталушы, туыстары мен адвокат», - дейді Лейла Сүлейменова.

Оның пайымынша, журналистерді арнайы сотқа шоу жасау үшін шақырған.

«Малика Мұхитова – жағдайдың қайғы шегуші және өкінуші құрбаны. Адвокат Д.Куряченко – қойылымның ортасындағы фигура. Оның үстіне айыбын мойындап отырған өзінің қорғауындағы адамның ұстанымын ескермей адвокат өз рөлін өзінше ойнады. Адвокат өзінің міндетін – қорғау, сол арқылы қорғауындағы адамды жауапкершіліктен алып кету, айыпты біздің ұлымызға кінәні арту деп біледі. Соңғы сот отырысындағы оның жалынды сөзі осы мәлімдемені жасауға түрткі болып отыр. Адвокат Д. Куряченко қоғамдағы адамның моральдық және этикалық нормаларын өрескел бұзды деп есептейміз. Өз сөзінде адвокат өзінің қорғалушысы туралы айтып қана қоймай, Ескендірдің атасы - Олжас Сүлейменовтың тарихтағы рөлі мен маңызы, еңбегі туралы да сөйледі. Әлемдік тарихтағы Олжас Омарұлының маңызды рөлі мен биографиясы туралы басқа жағдайда жіліктеп айтылуын түсінуге болар еді. Бірақ, әйгілі жазушының немересінің өлімі қаралып жатқан процесте - адамгершіліктен тыс арсыздыққа ұқсап кетті», - дейді қайтыс болған жігіттің анасы.

Айта кетсек, өткен аптаның жұмасында жол-көлік оқиғасына кінәлі ретінде сот ісі қаралып жатқан Малика Мұхитова сотта көз жасына ерік беріп, болған іске өкінетінін айтқан еді.

«Бұл екі отбасының қайғысы. Мен оны ешқашан ұмыта алмаймын. Жүректегі осы жүкпен өмір сүруіме тура келеді. Мен аяғымнан енді ғана тік тұрып, өз күнімді өзім көре бастағанмын. Әкем келесі жылы зейнетке шығады. Ата-анама көмектесермін деген оймен жүрген едім. Бұл жағдай біздің отбасыларымызды бір қиылыста кезіктірді. Ескендірдің отбасы мені кешіргенін қалаймын. Менің мұны жасағым келмеді. Мен тағы да Ескендірдің атасы мен әжесінен, ата-анасынан кешірім сұрағым келеді. Бұл біздің де отбасының қасіреті. Мен бас бостандығынан айырар жаза тағайындамауды сұраймын. Біз барлық көмекті көрсетуге дайынбыз», - деген еді Малика Мұхитова.

Еске сала кетсек, осы жылдың маусымында Астанадағы жол апатында Олжас Сүлейменовтің 26 жастағы немересі Ескендір Сүлейменов мерт болды. Ескендір тізгіндеген мотоцикл қиылысқа шыққан көлікке соғылды.

Арада көп өтпей Астана қалалық Ішкі істер департаменті апатқа себепкер болуы мүмкін Hyundai автокөлігінің иесі, 29 жастағы астаналық келіншекке қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлаған еді.

Айта кетсек, 12 қазанда Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот процесі басталып, Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апаты бойынша сотталушы Малика Мұхитова марқұмның ата-анасынан кешірім сұраған болатын.

Іс бойынша прокурор Ә.Бараев соттан айыпталушыны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.