Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай жаңа спектакль қойылады

0
2 008

"A+A Idea Fabric" продюсерлік орталығы "Фариза" спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынады.


Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай жаңа спектакль қойылады

ERNUR.KZ. 2019 жылдың 5-6 қыркүйегінде сағат 19:00-де Алматы қаласында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында "Фариза" спектаклінің премьерасы қойылады, деп жазады Тengrinews.kz.

Қазақ халқының көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынованың 80 жасқа толуына орай "A+A Idea Fabric" продюсерлік орталығы "Фариза" спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынады. Идея авторы және спетакльдің бас продюсері, мұнан өзге де көптеген тың жобаларды (XXVIII Халықаралық қысқы Универсиаданың (Алматы - 2017) ашылу және жабылу салтанатын, "Наурыз" халық мерекесіне арналған "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел!" мюзиклін (2018), Жыл сайын өтетін "Star of Asia" (2017-2019) халықаралық музыка фестивалі т.б) дүниеге әкелген компания жетекшісі Айнұр Көпбасарова.

"А+А Idea Fabric" шығармашылық тобының спектакль қоюдағы мақсаты - елімізге танымал тұлғаларды терең таныту, қоғамды әдеби-мәдени тұрғыда байыту, жастардың интелектуалдық белсенділігін дамыту, театр сахнасына көрерменнің қызығушылығын арттыру.

Шыншыл да сыршыл өлеңдерімен жұрттың жүрегіне жол тапқан, адалдығы мен ақындығы тең түсетін, қайсар да қайталанбас талант иесі - Фариза Оңғарсынованың өмірі мен өлеңі туралы пьесаны "A+A Idea Fabric" продюсерлік орталығының тапсырысымен драматург Роза Мұқанова жазып шықты.
Креативті шығармашылық топтың дайындаған спектаклінің ерекшелігі: - көрерменді сахнаға тарту әдістері; заманауи технологиялық құрылғылар көмегімен дайындалған видеоконтент; дыбыс арқылы әсерлеу; образға сай декорация; сахна көңіл-күйіне сәйкес арнайы жазылған музыка, саундтрек; әртістердің киім үлгісінің талғаммен тігілуі.

Пьеса қазақ тілінде қойылады, орыс тіліне ілеспе аударма жасалады. Бас продюсер және идея авторы - Айнұр Көпбасарова. Пьесаның авторы - Роза Мұқанова. Композиторы - Ренат Гайсин. Режиссері - Фархат Молдағали.

Басты рөлдерде: "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина, театр және кино актерлері Қуандық Қыстықбаев, Лейла Бекназар-Ханинга және Ерлан Кәрібаев.

Спектакль бойынша жұмыс істегендер: Шара Айдарова, Шынар Омарова, Қуаныш Орынбасаров, Айжан Құрманғалиева, Владимир Кошевой, Сандуғаш Әбдиева, Мәдина Баймағамбаева, Ақсұңқар Жарылқасова, Рауан Қайруллаева, Жұлдыз Қайыпова.

A+A Idea Fabric продюсерлік орталығы - "Kazakhstan қонақжай үй" XXII қысқы Олимпиада ойындарының" (Сочи -2014) салтанатты ашылуы мен безендірілуін, Париждегі Алматы қаласының мәдениеті күндерін (2016), 28-ші Халықаралық қысқы Универсиаданың (Алматы - 2017) ашылу және жабылу салтанатын, "Наурыз" халық мерекесіне арналған "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел!" мюзиклін (2018), Жыл сайын өтетін "Star of Asia" (2017-2019) Халықаралық Музыка Фестивалін және тағы басқа көптеген шараларды ұйымдастырып, өткізген. Билеттерді М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кассаларынан сатып алуға болады.