Фермерлерге қуаңшылықтан сақтандыру төлемдері беріліп жатыр - АШМ

0
366

Биыл сақтандыру компаниялары топырақ ылғалдылығы тапшылығының индексті сақтандыру бойынша жасалған 100 келісімшарт аясында жеті облыста және елордада 121,3 мың га аумақты сақтандырды.


Фермерлерге қуаңшылықтан сақтандыру төлемдері беріліп жатыр - АШМ

Топырақта ылғал жетіспеушілігінен сақтандыру шартын жасасқан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері сақтандыру төлемдерін алып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Елімізде ұзаққа созылған құрғақшылықтың салдарынан егістік алқаптары зардап шекті: аптап ыстық күн мен құрғақ желдер егінге және фермерлердің жақсы өнім алуға деген үмітіне нұқсан келтірді.

Құрғақшылық фактілері Qoldau.kz сайтында Agroinsurance жүйесімен спутник мәліметтері негізінде автоматты түрде тіркеледі. Осылайша, сақтандыру жағдайлары тіркеліп, сақтандыру келісім-шартына отырған фермерлер сақтандыру төлемдерін алып жатыр», делінген хабарламада.

Бұған дейін вдеомтсов, топырақ ылғалдылығы жетіспеушілігі индексінің бірінші фазасы бойынша жасалған 32 сақтандыру келісімшартымен 5 облыстың фермерлеріне (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары) сақтандыру компаниялары 190,5 млн теңге төленгенін хабарлады.

Топырақ ылғалдылығы жетіспеушілігі индексінің екінші фазасы бойынша 38 сақтандыру келісімшартымен 3 облыс (Ақмола, Қостанай, СҚО) және Нұр-Сұлтан қаласының фермерлеріне сақтандыру компаниялары 314,1 млн теңге көлемінде төлем жасады.

Үшінші фаза бойынша 5 облыстың фермерлері (Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары) топырақ ылғалдылығы тапшылығы индексі бойынша 56 сақтандыру шартын жасасқан болатын. Олар сақтандыру компанияларынан 224,4 млн теңге сомасында төлем алады.

«Жалпы, үш фаза бойынша сақтандыру төлемдерінің сомасы 729 млн теңге. Бұл сома фермерлердің сақтандыру полистеріне жұмсаған шығындарынан 565,5 миллион теңге асты (729 мың теңге – 159,5 млн теңге)», делінген хабарламада.

Биыл сақтандыру компаниялары топырақ ылғалдылығы тапшылығының индексті сақтандыру бойынша жасалған 100 келісімшарт аясында жеті облыста және елордада 121,3 мың га аумақты сақтандырды. Бұл келісімшарттар бойынша сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 319 миллион теңгені құрады, оның 159,5 миллион теңгесін фермерлер төледі, ал 159,5 теңгені ауыл шаруашылығын сақтандыру саласындағы оператор - Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төледі.