Франция азаматына 60мың теңге айыппұл салынды

0
1 201

Ақтауда француз режиссері әкімшілік жазаға тартылды


Франция азаматына 60мың теңге айыппұл салынды

ERNUR.KZ. Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Франция азаматы, Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоны "Қазақстанның көші-қон заңын бұзды" деп айыптап, 60 мың теңге көлемінде (шамамен 165 АҚШ доллары) айыппұл салды, деп жазады azattyq.org.

Қазақстанның батысындағы Ақтау қаласына 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы деректі фильм түсіруге келген француз режиссерін полиция 27 қыркүйек күні таңертең жергілікті белсенділерден сұхбат алып тұрған жерінен ұстап алып кеткен. Полиция оны облыстық көші-қон полиция басқармасында алты сағат ұстап, үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырған. Ақтау уақытымен сағат 15.30-да сотқа алып барған.

Істі Ақтау қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Сүйеуова жүргізді. Ол Азаттық тілшісіне диктофонға жазуға, фото, видеоға түсіруге тыйым салды.

- Сот процесі ашық. Бірақ аудио, видео түсіруге рұқсат жоқ, залда жазба жүріп жатыр. Бірақ ол журналиске берілмейді, - деді ол тілшіге.

Судья Гүлмира Сүйеуова Венсан Прадоны әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабының 5-тармағына сай "Қазақстанда уақытша жұмыс істеуге рұқсаты болмаса да жұмыс істеген" деп айыптап, 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды.

"60 мың теңге төлейтін болдым. Қазақстанда аккредитациясы болған соң кез келген тәуелсіз журналист жұмыс істей алады деп ойлағанмын. Бірақ аккредитациям болса да журналистік қызметіме тыйым салды. Осы жағдайға қарап, жұмысшылардың, белсенділердің адам құқықтары мен сөз бостандығының сақталатынына күмәндімін,- деді ол Азаттық тілшісіне соттан соң.