"Гарант 24 Ломбард" ісі бойынша сот отырысы жанжалдан басталды

0
432

Бірнеше адам айыптау актісін көрмегенін және сапасына байланысты оқу мүмкін болмағанын айтты.


ERNUR.KZ. Ақтөбеде қаржы пирамидасы ісі бойынша сот процесі жанжалдан басталды, деп жазады Tengrinews.kz.

Сот процесі сотталушылар шағымынан басталды. Бірнеше адам айыптау актісін көрмегенін және сапасына байланысты оқу мүмкін болмағанын айтты. Оған прокурорлар айыптау құжаты көлемді болуына байланысты "қағаз шығаратын барлық құрылғы істен шыққанын" айтты.

Айыпталушы тарапта - 48 адам, оның 31-і қамауда, тағы алтауына халықаралық іздеу жарияланған. Сотталушылар ҰҚТ және қаржы пирамидаларын құрды, заңсыз бизнес пен алаяқтық жасады деп айыпталған. Олар салым салған адамдарға үлкен сыйақы аласыз деп уәде берген. Сондай-ақ, қазақстандықтардан пәтер мен көліктерді нарықтағы бағадан жоғары бағамен сатып алып, ақшасын бөліп төлеген.

Алаяқтық әшкере болғаннан кейін "Гарант 24 Ломбард" басшысы Аслан Мырзабеков қашып кетті. Бірақ кейін Молдовада ұсталды. Ал "Выгодный займ" компаниясының құрылтайшысы Жанболат Есіркепов Ресеймен шекарада тұтқындалған.

"Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ", "Estate Ломбард" және "Нур-Али Капитал" компанияларының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс 3700 томнан тұрады. Зардап шеккендер - 17 000 адам. Шығын сомасы - 30 миллиард теңге. Процесс барысында сотталушының бәрі бірдей айыптау актісін алмағаны белгілі болды. Ал құжатты алғандар оны оқи алмаған. Олар судьяға құжат кіші әріптермен жазылғанын және анық көрінбейтінін айтып шағымданды.

"Мен қол қойдым, бізге 2-3 адамға бір айыптау актісі берілді", - деді сотталушылардың бірі.

Сапасыз жұмыс жасады деп айыпталған прокурорлар бәрін жоққа шығарады. Олардың айтуынша, айыптау актісі әр сотталушыға берілген және құжат көлемді болғандықтан "барлық принтер істен шыққан". Тағы бір сотталушы актіні басқа тілде алғанын айтып шағымданды.

Сондай-ақ, процесс барысында айыпталушылардың бірі ауырып, оған дәрігерлер шақырылған.

"Мен қатты ауырып, қазір қызуым көтеріліп тұр. Таңертең мені мұнда мәжбүрлеп әкелді. Олар менің өтінішіме жауап бермеді. Қазір жедел жәрдем шақырды, ол келді. Құрметті сот, маған шығуға рұқсат етіңіз", - деді сотталушы.

Ақпараттық қызмет мәліметі бойынша, процесс ұзаққа созылады. Прокурорлар айыптау актісін оқуды бастаған, онда мыңнан аса бет бар.