Иманғали Тасмағамбетов пайғамбар жасын Меккеде қарсы алды

0
2 058

"Иманғали ағамыз да 63-ке толып, пайғамбар жасында дастарханның төрінде емес, қасиетті Меккеде Аллаһтың қонағы болып қайтты".


Иманғали Тасмағамбетов пайғамбар жасын Меккеде қарсы алды

ERNUR.KZ. Қазақстандық белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетов күні кеше 63 жасқа толды. Қазақстанның Ресейдегі елшісі пайғамбар жасын қасиетті Меккеде қарсы алды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің қажылықта жүрген суреті Instagram әлеуметтік желісіндегі hickmet_travel парақшасында пайда болды.
"Қажылыққа келушілер - Аллаһтың қонағы болып табылады. Халықтың бір туар азаматы Иманғали ағамыз да 63-ке толып, пайғамбар жасында дастарханның төрінде емес, қасиетті Меккеде Аллаһтың қонағы болып қайтты. Тілеген тілегіңіз қабыл болсын. Иманғали ағамызға Аллаһ Тағала разы болсын! Әмин", - делінген жазбада.
Айта кетейік, отандық танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовты туған күнімен ерекше құттықтады. Ол желіде дипломатқа қатысты бар ойын ортаға салып, оған деген өзінің жүрекжарды тілегін арнады.
Одан бөлек, күні кеше саясаткер Ербол Әділов Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов қызметінен кетіп, зейнетке шыққалы жатқанын хабарлаған болатын. Алайда, бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімет жоқ.
Иманғали Тасмағамбетов қызметтік мансабын отыз жыл бұрын бастаған болатын. Ол кезде саясаткер ЛКЖО ОК бірінші хатшысы болып тағайындалған. Бірнеше жыл бойы саяси және мемлекеттік қызметте болған Тасмағамбетовке кейін өңір басқару сеніп тапсырылады.
2002 жылы ол еліміздің премьер-министрі болды. Бірнеше айдан соң, 2003 жылы Қазақстанның мемлекетік хатшысы лауазымын иеленді.
Оған қоса, саясаткер еліміздің екі ірі қалаларында басшы болды. Тасмағамбетов 2004-2008 жылдар аралығында Алматы қаласының әкімі қызметін атқарса, алты жыл бойы Қазақстанның бас қаласы- Астананы (қазіргі Нұр-Сұлтанды) басқарды.
Саясаткер Қазақстанның Ресейдегі елшісі болып үш жыл қызмет етті. Бұл орынға ол 2017 жылы 3 ақпанда тағайындалды.