Иран Қазақстанда аяқ киім тігу зауытын ашуға ниетті

0
1 445

Иран былғары өндірісінде әлемдегі үздік үштік қатарына кіреді.


Иран Қазақстанда аяқ киім тігу зауытын ашуға ниетті

ERNUR.KZ. Қазақстанда өңделмеген теріні шетелге шығаруға ресми тыйым салынған. Бірақ осыған қарамастан біздің ел Иран үшін келешегі зор әріптес болып саналады, деп жазады «Хабар 24».

Себебі Тегеран көп жылдан бері Қазақстаннан осы шикізатты алып, өңдеп қажетті материал немесе дайын өнім ретінде сатумен айналысып келген. Сондықтан ақпан айындағы шарадан кейін қазақстандық шикізат көлемі азайғанымен екі жақты серіктестік қайта жалғасын табады деген үмітте.

Иран былғары өндірісінде әлемдегі үздік үштік қатарына кіреді. Елде таза былғарыдан жасалған өнімдерге сұраныс өте жоғары. Бірақ шикізат жетіспейді. Бұған аймақтағы мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың аздығы себеп. Ал Қазақстан бұл мемлекетке шикізат жеткізуші елдердің бірі. Сондықтан да ирандық бизнесмендер болашақта Қазақ елімен ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсіп, елімізде ортақ былғары аяқ киім тігу зауытын ашуға ниетте.

- Иранда тері өте аз. Теріні осында сатып алып, одан аяқ киім тігу тиімсіз. Елде тері тапшылығы болғандықтан, сәйкесінше оның бағасы да қымбат. Бірақ бұл мәселеде бізге Қазақ елі көмекке келіп отыр, - деді «Dorna» тері өңдеу зауытының басшысы Моджтаба Хосейн.

Қазір Иран мен Қазақстанның бірлескен аяқ киім өнеркәсібінде тек бұзау терісі ғана қолданылуда. Бірақ келешекте тараптар қой терісін жеткізу жағын да жоспарлап отыр. Иран бизнесмендерінің қой терісінен аяқ киім тігіп, оны ішкі және сыртқа нарыққа шығаруда үлкен тәжірибелері бар.

- Иран өзінің жоғары сапалы былғары дүниелер жасайтынымен көпке мәлім. Ал Қазақстан болса мұқым жұртқа теңдессіз талғамымен танылған ел. Сондықтан алдағы уақытта да біздің мүддеміз бір жерден шығуы әбден мүмкін. Бүгінде Иранда санкция салдарынан ел аумағына жаңа жабдықтарды жеткізу бойынша біршама қиындықтар бар. Дегенмен, ол өнім сапасына ешқандай әсер етіп жатқан жоқ. Ал Қазақстан аяқ киім тігу ісін толық түсінетін сенімді серіктесіміз болып табылады, - деді былғары өнімдері дүкенінің сату бөлімінің директоры Ахмад Агазаде.

Қазіргі таңда «вет блу» терісін импорттауға басымдық берілген. Бұл материалды тігу алдында ол тағы да бір рет хроммен өңделіп, илеуден өтеді. Нәтижесінде осы материалдан жасалған туфлилер көкшіл реңкке ие болады. Бұл иран мен шетелдік сәнқойлардың қызығушылығын арттырса керек. Сондықтан болашақта алдымен аймаққа шикізат жеткізу бойынша ынтымақтастықты нығайту мен дайын өнімді сату нарығын ұлғайту көзделіп отыр. Бұл жағынан Қазақстан ирандық кәсіпкерлер үшін негізгі серіктес саналады.