​Ирландиялықтар асырап алып кеткен қазақ баласы бүркітшілікке қызығады

0
1 817

Шарада қазақстандық дипломаттар жаңа отбасы тапқан балалардың тарихи отанымен үздіксіз мәдени байланыста болуына қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.


​Ирландиялықтар асырап алып кеткен қазақ баласы бүркітшілікке қызығады

ERNUR.KZ. Ирландиялықтар асырап алған қазақстандық балалар ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне берік әрі тарихи отанымен тығыз байланыста, деп жазады 24.kz.

Дублинде жергілікті қазақ диаспорасы Қазақстанның Ұлыбританиядағы және Ирландиядағы елшілігінің қолдауымен басқосу ұйымдастырып, балалардың туған жері туралы ақпарат алуларына мүмкіндік жасады.

Ирландияның дәстүрлі әуендері ойнап тұр. Ағылшын шәйі құйылып жатыр. Дастархан тіл үйірер дәмдерге толы. Ирландиялықтар иықтарына шапан мен қамзол іліп алған. Балалары да қазақтың ұлттық киімдерін киіп жүр. Ирландияның түкпір-түкпірінен келген отбасылардың әлеуметтік нетворкингі осылай өтті.

Пола Найланд, Санжар-Кормактың анасы:

- Бізде жергілікті қазақтар бар. Олар бізге ұлттық тағамдар әзірлеуді үйретеді. Біз олармен тығыз байланыстамыз. Қазақ тілін үйренеміз. Кітаптар сатып аламыз. Ұлым Санжар бүркітшілік өнерге қызығады. Статистика бойынша Еуропа елдері арасында Ирландия Қазақстаннан бала асырап алу жағынан көш бастап тұр. Елде жаңадан ата-ана тапқан 150 қаракөзіміз өмір сүреді.

Патриция Кэри, бала асырап алу жөніндегі мемлекеттік агенттіктің басшысы:

- Бала асырап алу бойынша бағдарлама өз жұмысын 15 жыл бұрын бастады. Жыл сайын біз сәбилі болған отбасылардың басын қосып, түрлі шаралар өткіземіз, жаңалықтармен бөлісеміз. Араларында Қазақстанға саяхаттап, ерекше әсермен оралғандары да бар.

Шарада қазақстандық дипломаттар жаңа отбасы тапқан балалардың тарихи отанымен үздіксіз мәдени байланыста болуына қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар олар кездесулерді көптеп ұйымдастыруға ықпал етуге және балалардың Қазақстанға қыдыруларына көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді.