Ішкіндік, айданды, қарымжы: Асығыс аударылған терминдердің мағынасын білесіз бе?

0
1 304

«Ішкіндік» - «гипоцентр», термин мәселесінде сан қумау керек.


Ішкіндік, айданды, қарымжы: Асығыс аударылған терминдердің мағынасын білесіз бе?

ERNUR.KZ. Профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді аударғанда асығыстыққа жол бермеуге шақырды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Термин мәселесінде сан қумау керек. Мысалы, мына терминдерді сан қуғандықтан бекіттік. Мынаны қараңыздар, «ішкіндік» - «гипоцентр», «майтұрақтылық» - «маслостойкость», «түтінтартқы» - «дымосос», «айданды» - «дестилянт», «қарымжы» - «задаток», ал «сәулеқұрау» - «фотосинтез», - деді Ш.Құрманбайұлы ҚР Парламент Мәжілісінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда.

Ғалымның айтуынша, термин аудару - бұл шығармашылық жұмыс. Ал шығармашылықта асығыстық болмауы керек.

«Қазір индикатор бар. Оған сәйкес, өткен жылы 21 мың термин бекітілді. Биыл тағы 24 мың термин, ал келесі жылы 27 мың термин бекітілуі керек. Бірақ бұл - шығармашылық процесс. Мәселен, ақынға бір айда 500 жол өлең, бір жылда 6 мың өлең жазу керек деп тапсырма бере алмаймыз ғой. Ақынға жапырақтың сыбдыры, судың сылдыры әсер еткен кезде өлең жазылады. Ал әкімшілік жолмен өлең жаздыртсақ, ол өлең болмайды. Сондықтан терминді шығармашылықпен жасау қажет», - деп атап көрсетті Ш.Құрманбайұлы.

Айта кетейік, бүгінгі жиында профессор Шерубай Құрманбайұлы терминологияның өзекті мәселелерін атап өтті. Осы орайда ғалым терминкомның құзіретін күшейту керек деп санайды. Бұдан бөлек, терминдерді таңдағанда басшылықтың беделі басым болып кетеді. Ал Аxмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек терминология сөздіктерін шығару жоспарлары туралы айтты.