Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақтана бастады - Бақытжан Сағынтаев

0
396

Алматыда 200-ге жуық екпе пункті жұмыс істейді. Вакцинаның бірінші компонентін 875 мың адам, екіншісін 748 мың алматылық салдырды.


Қалада эпидемиологиялық ахуал тұрақтана бастады - Бақытжан Сағынтаев

ERNUR.KZ. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кеше өткен қала активінің отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру және қаланың денсаулық сақтау жүйесін дамыту шаралары туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Қасым -Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында коронавирус пандемиясымен күресу, ең алдымен халықты вакциналау және профилактикалық екпенің Ұлттық күнтізбесін орындау міндеттерін қойды.

Алматыда 200-ге жуық екпе пункті жұмыс істейді. Вакцинаның бірінші компонентін 875 мың адам, екіншісін 748 мың алматылық салдырды.

Вакциналардың үздіксіз жеткізілуі қамтамасыз етілді. Қалаға барлығы 992 мың доза жеткізілді.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал тұрақтана бастады. Дерт деңгейінің тенденциясы төмендеп келеді. Бүгінде біз алматылықтардың тәуліктік жұқтыру деңгейінің өткен апталармен салыстырғанда 300 адамға азайғанын байқадық», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол жедел жәрдемге қоңырау шалу саны 4 мыңнан 2,4 мыңға дейін азайғанын айтты. Науқастарды ауруханаға жатқызу көрсеткіші де екі есе төмендеді.

«Дегенмен, ауыр зардаптар мен өлімге әкелетін жаңа індеттер қаупі әлі де бар. Сондықтан инфекцияның алдын алу, эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу, жұқтырудың жаппай тізбегін болдырмау стратегиялық міндет болып қала береді», - деп атап өтті Алматы әкімі.

Ол медициналық қызметтердің барлық спектріндегі сапалы қызметтің маңызын қадап тұрып айтты. Амбулаториялық-емханалық көмек жүйесі скринингтік және профилактикалық тексерулерді жалғастыруы тиіс.

Сонымен қатар, ол қаланың денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғаса беретінін айтты. Соңғы екі жылда, пандемияға қарамастан, екі модульдік аурухана мен 1080 төсек орынды инфекциялық аурухананың филиалы салынды. Қаладағы 18 ірі ауруханада оттегі станциялары орнатылды. Кәріздік ағындар мен медициналық қалдықтарды залалсыздандыру жүйелері жаңарды.

Қазіргі уақытта ана мен баланың денсаулығын қорғау үшін типтік қабылдау бөлімі және таза бөлмелер кешені әрі заманауи операциялық блогы, реанимация бөлімі бар құрылыс жобасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, жаңа дәрігерлік амбулаториялық-емханалық мекемелер салу жоспарда.

«Әкімдікке қарасты қаланың медициналық ұйымдарында 19 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Кадр тапшылығын азайту үшін жол картасы жүзеге асырылуда, 120 резидентті өте тапшы медициналық мамандықтар бойынша оқыту үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді», - деді Бақытжан Сағынтаев.