"Кальмар ойыны" сериалы бала психологиясына қауіпті ме – БҒМ жауабы

0
492

БАҚ өкілдері аталған сериал көптеген ата-ананы уайымға салғанын жеткізді.


ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова балалар мен жастар арасында танымал оңтүстіккореялық "Кальмар ойыны" сериалы туралы пікір білдірді, деп жазады zakon.kz.

БАҚ өкілдері аталған сериал көптеген ата-ананы уайымға салғанын жеткізді. Осыған байланысты бұл сериал бала психикасына қауіпті ме, жоқ па, – сол жағын түсіндіруді сұраған еді.

Шолпан Каринова аталған туынды қазақстандық өнім емес екенін, әрі 18 жастан асқан ересектерге арналғанын атап өтті.

"Фильм Қазақстанда түсірілмеген. Фильмде белгілі бір шектеулер бар, ол 18 жастан асқан ересектерге арналған. Сондықтан, ең алдымен ата-аналар осы фактіге назар аударуы қажет. Екіншіден, ата-аналар да, мектеп те тәрбиелік шаралар аясында балаларға пайдалы ақпаратты теріс ақпараттан ажырату дағдыларын үйретуі керек. Мектептерде де осы мәселеге назар аударған жөн. Әрине, балалар психикасы енді-енді қалыптасу кезеңінде. Сондықтан кез келген ақпаратты үйде ата-аналар, мектепте – педагогтер бақылауы керек", - деп жауап берді вице-министр.

Ш.Каринова биылдан бастап барлық білім беру ұйымында балалардың сыни ойлауы мен эмоционалды интеллектісін дамытуға, сондай-ақ ақпаратты таңдап оқуға үйрететін арнайы курс енгізіліп жатқанын айтты.