Қаңтарда өтетін ҰБТ-ға кімдер қатысатыны белгілі болды

0
1 533

Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер 2018 жылдың 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады


Қаңтарда өтетін ҰБТ-ға кімдер қатысатыны белгілі болды

Талапкерлер үшін Ұлттық Бірыңғай тестілеуді қаңтар айында тапсыру мүмкіндігі туып отыр. Алайда, қаңтар айында өтетін тестілеуден кейін талапкер ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініштер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Мемлекеттік білім беру гранттары негізгі ҰБТ тапсырылғаннан кейін үлестірілетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысатындар:

Орта мектептердің 11-12 сынып оқушылары (2019-2020 оқу жылында ЖОО-да ақылы негізде оқу үшін). Қаңтар айында өтетін бұл тестілеу түлектерге негізгі тестілеудің алдында өз білімдерін тексеру үшін таптырмас мүмкіндік. Мемлекеттік білім беру грантына үміттенген талапкер 2019 жылғы жазда өтетін ҰБТ-ны міндетті түрде тапсыруы қажет. Өйткені, қаңтар айындағы тестілеуде шекті балл жинаған тестіленуші бұл сертификатымен ЖОО-да тек ақылы негізде оқи алады;

ЖОО-ға уақытша тіркелген және бірінші семестрді аяқтап жатқан студенттер. Бұл тестілеуден студент білім алып жүрген оқу орнына ресми тіркелу үшін және ЖОО-дағы оқуын жалғастыру үшін өтеді. Егер студент шекті балл (50 балл) жинай алмаса, оқудан шығарылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, тестіленушілер қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысқаннан кейін маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысу және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін байқауға қатысу мүмкіндігінен айырылмайды. Тестілеуге қатысу үшін өтініштер ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ тапсыру пунктерінде қабылданады. Қаңтар айындағы тестілеу ақылы, құны – 2242 теңге.