Қарағанды ​​әкімінің экс-орынбасары үкім шыққаннан кейін 6 күн өткен соң босатылды

0
513

Жақсылық Шалабеков былтыр қыркүйек айында ұсталды.


Қарағанды ​​әкімінің экс-орынбасары үкім шыққаннан кейін 6 күн өткен соң босатылды

ERNUR.KZ. Қарағандыда әкімнің бұрынғы орынбасары Жақсылық Шалабеков босатылды. Ол Қазыбек би аудандық сотының қаулысы бойынша қамаудан шықты, деп жазады Stan.kz.

Жақсылық Шалабеков үкім жарияланғаннан кейін тура алты күнін темір тордың ар жағында өткізді. 14 маусымда Қазыбек би аудандық соты сотталушыны жазасын өтеуіне байланысты қамаудан босату туралы қаулы шығарды. Сот құжатында Жақсылық Шалабековтың 2020 жылғы 12 қыркүйектен бастап қамауда болғаны айтылған. Оны 13 маусымда босату керек еді.

"Сот үкімі бойынша Жақсылық Шалабековке бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу мерзімінде 2020 жылғы 12 қыркүйектен бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің екі күні үшін күзетпен ұстаудың бір күні есебімен қамауда болған уақыты есепке алынды. Бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі 2021 жылғы 13 маусымда аяқталды, оны одан әрі ұстау заңсыз және оның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзады. Көрсетілген жазаны ескере отырып, сотталушының жаза мерзімінің аяқталуына байланысты ол қамаудан дереу босатылуы керек",-делінген Қарағанды Қазыбек би аудандық сотының қаулысында.

Еске сала кетейік, Жақсылық Шалабеков былтыр қыркүйек айында ұсталды. Ол кезде шенеунік Қарағанды әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Жақсылық Шалабеков 120 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін айыпталған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол "Нұрлы Жер"мемлекеттік бағдарламасы бойынша көп қабатты тұрғын үйлер салу үшін бөлінген бюджет ақшасын ұрлаған. Кейін сотта тергеу нұсқасы расталмады.

Сот Жақсылық Шалабековке тағылған айыпты қайта бағалап, оның лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп тапты. 8 маусымда Қазыбек би аудандық соты оны бір жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған кәсіпкер Ермек Қасеновке сот 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот оны алаяқтық үшін кінәлі деп тапты.