Қарағанды аттракционындағы әйелдің өлімі: Полиция тергеуді бастады

0
652

25 метр биіктікте қонақүйдің шатырында орнатылған аттракционнан төменге секірген әйел көз жұмған болатын.


Қарағанды аттракционындағы әйелдің өлімі: Полиция тергеуді бастады

ERNUR.KZ. Қарағандылық полицейлер 25 метр биіктіктен арқанмен секірген әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп жазады ҚазАқпарат.

Қарағанды облысының Полиция департаменті «Созвездие» қонақүйінің аумағында болған өлім жағдайына түсініктеме берді.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 1-бөлігі («Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету, сол сияқты көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру немесе пайдалану, егер бұл әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқса») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жағдай анықталуда», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.

Осы бап бойынша күдікті белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырылуы мүмкін. Немесе бұл тыйым қолданылмастан, 160 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуге, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не болмаса 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылуы ықтимал. Немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу көзделген.

Еске сала кетейік, «Созвездие» қонақ үйінің аумағында жазатайым оқиға орын алған болатын. 25 метр биіктікте қонақүйдің шатырында орнатылған аттракционнан әйел төменге секірді. Салдарынан ол жердегі бетон жабындыға құлап түсті. Әйел өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ол көз жұмды.