Қарағанды облысында тәртіп сақшыларына ескерткіш орнатылды

0
1 092

Ескерткіш қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болғандарды еске алу, олардың рухына тағзым ету мақсатында қойылды.


Қарағанды облысында тәртіп сақшыларына ескерткіш орнатылды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде Қазақстан полициясы күніне орай қызметтік міндеттерді орындау кезінде қаза болған жергілікті тәртіп сақшыларына обелиск орнатылды, деп хабарлайды egemen.kz.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қарағанды облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Исмағұлов, Шет ауданының әкімі Марат Жандәулетов, Шет аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы және тұрғындар қатысты.

Полиция басшысы мен аудан әкімі ескерткішті ашқаннан кейін, шараға қатысушылар алдында сөз сөйледі.

– Қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза болғандарды еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің қасиетті борышымыз! Бұл – кейінгі ұрпақ үшін үлгі боларлық игі іс, – деп атап өтті Қ.Исмағұлов.

Бұдан кейін ескерткішке аза гүлдері қойылып, қаза болғандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алу рәсімі орындалды. Қарудан дүркіндете оқ атылды.

Сонан соң, полиция полковнигі Қ.Исмағұлов мереке құрметіне орай Шет аудандық полиция бөлімінің бастығына қызметтік «Нива» автокөліктерінің кілттерін табыс етті.

Аудандық мәдени-ойын-сауық орталығында жалғасқан шара барысында жергілікті полиция бөлімшесінің бір топ қызметкерлері Ішкі істер министрінің, облыстық полиция департаменті басшысының және аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар тәртіп сақшысына кезекті шен берілді.

Шара соңында жергілікті өнерпаздардың күшімен мерекелік концерт қойылды.