Қарағандыда прокурордың орынбасарын қағып өлтірген такси жүргізуші сотталмайды

0
2 350

​Сараптама қорытындысына сәйкес, Toyota Carina жүргізушісінің тежегішті жедел басып, жаяу жүргіншіні соқпауға техникалық мүмкіндігі болмаған.


Қарағандыда прокурордың орынбасарын қағып өлтірген такси жүргізуші сотталмайды

ERNUR.KZ. Қарағанды облысы Осакаров ауданы прокурорының орынбасарын қағып өлтірген такси жүргізуші қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Бұл туралы Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаров айтты.

2020 жылдың 2 ақпанында аудан прокурорының орынбасары Жандос Шәменов достарымен бірге дәмханада болған. Үйіне қайту үшін такси ұстамақ болған. Көлік тоқтамаған соң жаяу Майқұдық айналма жолына қарай жүрген.

Айналма жолдағы қар күрелмегендіктен жол тарылған, сол себепті Жандос Шәменов көлік өтетін жолға тым жақын жүрген. Ал бұл көшеге жарық тартылмаған. Осының бәрі қайғылы жағдайға әкелді, ер адамды Toyota Carina көлігі қағып кетті.

Оқиға болғаннан кейін аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі "көлік басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлікті пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптама тағайындалды.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ернат Қалиақпаровтың айтуынша, Toyota автокөлігі жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.


"Сараптама қорытындысына сәйкес, Toyota Carina жүргізушісінің тежегішті жедел басып, жаяу жүргіншіні соқпауға техникалық мүмкіндігі болмаған. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі ("қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар") негізінде құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", - деді Ернат Қалиақпаров.


Октябрь ауданының прокуратурасы қабылданған процессуалдық шешіммен келісті.