Қарағандылық әйелдің өлімі: аттракцион иесі жауапқа тартылуы мүмкін – видео

0
635

​Әлеуметтік желіде оқиғаның қалай болғаны түсірілген видео жарияланды. Олардың бірінде жұмысшының арқанды бекітіп үлгермегені жазылған.


Қарағандылық әйелдің өлімі: аттракцион иесі жауапқа тартылуы мүмкін – видео

ERNUR.KZ. Қарағандыда "тарзанка" типті аттракционда жазатайым оқиға болып, 33 жастағы әйел қайтыс болды, деп жазады sputnik.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 10 қазанда болған. Қарағандының оңтүстік-шығыс полиция бөліміне "тарзанка" типті аттракционда жазатайым оқиға туралы хабарлама келген.


Тоғыз қабатты қонақүйдің төбесінен секіру кезінде жарақат алған 33 жастағы әйел медициналық мекемеге жатқызылды. Алайда алған жарақатынан көз жұмған болатын.

Аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 306-бабы 1-бөлігі "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша қылмыстық іс қозғады.

Әлеуметтік желіде оқиғаның қалай болғаны түсірілген видео жарияланды. Ekaraganda.kz парақшасының жазуынша, жұмысшылардың бірі арқанды бекітіп үлгермеген.


Сондай-ақ видеода аттракционды ұйымдастырушылар апта сайын сенбі-жексенбіде келетіні айтылған. Ал "тарзанкадан" секіру құны – 5000 теңге.

Соған байланысты іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 1-бөлігінен Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігіне ("Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет") ауысты.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Осы қылмыстық іс аясында полиция қызметкерлері аттракционды ұйымдастырушының осы қызмет түріне лицензиясы бар-жоғын, қауіпсіздік талаптары сақталғанын анықтайды.