Қарағандылық келіншек перзентхананың еденінде босанды: Дәрігерлер себебін түсіндірді

0
982

Перзентханада 156 орын бар.


Қарағандылық келіншек перзентхананың еденінде босанды: Дәрігерлер себебін түсіндірді

ERNUR.KZ. Қарағандыда Майқұдық перзентханасына түскен жүкті әйел еденде босанып қалды. Медициналық мекемедегілер мұның себебін түсіндірді, деп жазады Stan.kz.

Перзентхана директоры Татьяна Ювиктің сөзінше, 27 жастағы әйел 23 қыркүйекте түнгі сағат 2-де перзентханаға түскен. Онда жалған толғақ болыпты. Мұнан кейін дәрігерлер оны патология бөліміне орналастырған.

Дәрігерлер әйелге кардиотокография жасап, құрсақтағы нәрестенің жүрек соғысы мен босану белгілерін тексерген. Алайда бұл уақытта босану белгілері болмаған. Мұнан әрі әйел дәлізде жүріп, сол кезде жылдам босана бастапты. Ювиктің айтуынша, бұл уақытта оны палатаға жеткізу немесе қоларбаға жатқызу мүмкін болмаған көрінеді. Жағдайды көрген акушер нәрестенің зақымдануына жол бермес үшін, әйелді еденге жатқызуына тура келіпті.

«Онда жылдам босану процесі болды. Бұл жағдайда нәрестені зақымдап алмас үшін, әйелді еденде босандырып алды. Себебі қоларбаға жатқызу мүмкін емес. Жаңа туған нәрестені бірден анасының денесіне жатқызды. Ол еденге тиген жоқ. Кезекші дәрігерлер бірден келіп, әйелді қоларбаға жатқызып, қалған әрекеттерді босану залында жасаған. Әйел бірінші және екінші жүктілігінде де тез босанған», - дейді перзентхана директоры.

Дәрігерлер қазіргі уақытта жас босанған ана мен перзентінің жағдайы қанағаттанарлық екенін айтады. Оларға инфекция жұқпаған.

«Алайда әйел күмәнданбауы үшін, нәрестенің бас миын толық тексеру жүргізіледі», - дейді Татьяна Ювик.

Сонымен қатар ол перзентханада 156 орын бар екенін, дәрігерлердің босану залында, қабылдау бөлімінде жұмыс істеп, кезекшілік бойынша тапсырылған пациенттерді қарайтынын жеткізді.