​Қарағандының зообағы жаңа сирек кездесетін жануарлармен толығып жатыр

0
2 810

Қарағандылық зоологтар төл алу және гендік қорды жаңарту бойынша жұмыс атқаруда. Осыған байланысты хайуанаттар бағында жануарлардың жұптарын құру үшін әдістер қолға алынуда.


​Қарағандының зообағы жаңа сирек кездесетін жануарлармен толығып жатыр

ERNUR.KZ. Қарағанды мемлекеттік зообағы сирек кездесетін жануарлар мен құстармен толықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Биылғы жылы Қарағанды хайуанаттар бағы «Жылы жүрек - жомарт қол» акциясын жалғастыруда. Бұл іс-шара бизнес-құрылымдардың назарын хайуанаттар бағына аударуға бағытталған.

Осылайша мекеме басшылығы демеушілердің қаражат есебінен жануарлар коллекциясын толықтырғысы келеді. Нәтижесінде, қарағандылықтарға соңғы бір жыл ішінде Алматы хайуанаттар паркінен Амур жолбарысы, Ростислав Шило атындағы Новосібір хайуанаттар бағынан Қара канадалық қасқыр және жеке кәсіпкерден Фалабелла ергежейлі пони сыйға тартылды.

«Бұл жануарлар табиғатта сирек кездеседі. Мысалы, канадалық қара қасқыр күшіктегенде қарапайым көкбөрілер секілді 6-7 күшіктің орнына небәрі 3-4 күшік таба. Ал, Амур жолбарысы популяциясының артқанын қалаймыз. Бұл жыртқыштардың саны 40-шы жылдары әлем бойынша небәрі 40 дана болды. Бүгінгі күні жануарларды қорғау жөніндегі барлық бағдарламалардың арқасында олардың саны 500 данадан асады. Бұл тұрғыда мұндай жануарлар өте қажет, - дейді Қарағанды хайуанаттар бағының биологы Ербол Байжанов.

Қарағанды хайуанаттар бағының жануарлар мен құстар топтамасын қала тұрғындары да толықтыруда. Жақында олар сүйікті хайуанаттар бағына екі сәндік қоян, төрт қызыл тасбақа, бір тырна мен төрт күрке тауық сыйлаған.

Сондай-ақ қарағандылық зоологтар төл алу және гендік қорды жаңарту бойынша жұмыс атқаруда. Осыған байланысты хайуанаттар бағында жануарлардың жұптарын құру үшін әдістер қолға алынуда.

«Сатып алынған немесе сыйға тартылған барлық жануарлар міндетті карантиннен өтеді. Үш ай ішінде олар оқшауланып, күтім жасалады. Себебі барлық құстар мен жануарлар толықтай сау келмейді. Карантиннен кейін жануарлардың бір-біріне бейімделуі кезең-кезеңмен жүргізіледі», - деп түсіндірді орнитология бөлімінің басшысы Зәуреш Шерембаева.

Айта кетейік, Қарағанды мемлекеттік зоологиялық бағы еліміздің үш ірі хайуанаттар бағының бірі болып табылады. Ол 1938 жылы құрылған. Хайуанаттар бағында жануарлар, құстар мен балықтардың 209 түрі және 1568 данасы бар.