Карантин кезінде ұлына той жасап берген ауыл әкімі қызметінен босатылады

0
671

Сондай-ақ 41 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.


Карантин кезінде ұлына той жасап берген ауыл әкімі қызметінен босатылады

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысында ұлына үйлену тойын жасап берген ауыл әкімі қызметінен босатылады, деп жазады tengrinews.kz.

Басылымның мәліметінше, 3 қарашада COVID-19 таратпау жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданы Ақжол ауылдық округі әкімі Татжан Өтемісовтің ұлының үйлену тойын өткізу дерегі расталғанын сұрады.

БҚО әкімі аппаратының басшысы Берік Батаев 9 қазан мен 9 қараша аралығында ауыл әкімі кезекті демалыста екенін хабарлады.

"Осыған байланысты тексеру жүргізілді. Татжан Өтемісов 9 қарашаға дейін демалыста. 10 қарашадан бастап ол қызметінен босатылады. Сонымен қатар, Татжан Өтемісовке қатысты карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 41 мың теңге көлемінде айыппұл салынды", - деді Батаев.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақжол ауылдық округінің әкімі Тәтжан Өтемісовтің ұлына той ұйымдастырған сәтінен фото және видео тараған болатын. Кейін шенеуніктің еңбек демалысында екені хабарланды.