Кәріз суы тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын болады

0
1 026

Кейін ол кәсіпорындарға тегін үлестіріледі.


Кәріз суы тыңайтқыш ретінде пайдаланылатын болады

ERNUR.KZ. «Павлодар-Водоканал» ЖШС қалалық кәріз жүйелерінен жиналатын суды өңдеп, одан тыңайтқыштар алуды жоспарлап отыр, деп жазады іnbusiness.kz.

Кәсіпорынның атқарушы директоры Анатолий Моисей инвестициялық бағдарлама аясында қолда бар инфрақұрылымды жетілдіріп, жаңа түрлерін салу бойынша істерді бастау жоспарланып отырғанын айтты. Сондай жобалардың бірі - №1 тазалау қондырғысының лай суды өңдеу алаңы.

Бұл алаңға жиналатын ағынды су қайтадан тазалауға жіберіледі, ал лай су алаңның түбінде тұнады.

«Қаладағы лай судың барлығы тазалау қондырғыларына түседі. Мұнда механикалық және биологиялық тазалаудан өтіп, оған флаколянт-кептіргіш қосылады. Дренаждан кейін судың бір бөлігі қайта тазалаудан өтеді. Одан қалған лай су кепкен соң полигонға шығарылады», - дейді Анатолий Моисей.

Кейін полигонға шығарылған лай су тыңайтқышқа айналады. Оны пайдалы ресурсқа дейін өңдеу бойынша жұмыстар басталып кетті.

«Егер тыңайтқыштың мұндай түрі кәсіпкерлер мен шаруаларды қызықтырса, оларға тегін түрде жеткізуге әзірміз. Әзірше оларды шығару формасы қандай болары белгісіз. Не брикет, не гранулар ретінде дайындау жолдары қарастырылуда», - деді атқарушы директор.

Айта кетейік, биыл «Павлодар-Водоканал» ЖШС инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін 420,3 млн теңге қарастырды. Оған қоса, былтырғыдан көшкен 202,5 млн теңге бар. Қазіргі уақытта 340,5 млн теңгеге 3,4 шақырым желі ауыстырылды. Басқа жоспарлы істер жыл соңына дейін атқарылмақ.