Қарқаралының ұлттық паркіндегі өрт сөндірілді

0
963

Орман шаруашылығының өкілдері өрттің найзағайдан пайда болғанын болжап отыр.


Қарқаралының ұлттық паркіндегі өрт сөндірілді

ERNUR.KZ. Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаев Қарқаралы ауданының Бақты ұлттық паркінде өрттің сөндірілгенін мәлім етті. Өрт сөндірушілер ары қарай бықсыған орындарды толық өшіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Бақтыдағы табиғи өртті сөндіру жұмысы төртінші күнге созылды. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. Төтенше жағдайды жою аймағында жедел штаб жұмысы ұйымдастырылған. Өрт сөндіру жұмысына басшылық етуді Қарағанды облысы ТЖД бастығы Ибрагим Күлшімбаевтың өзі қолға алып отыр.

Жалпы, төтенше жағдайды ретке келтіру жұмысына 370 адам мен 60 арнайы техника жұмылдырылған. Су шашатын үш тікұшақ тілсіз жауды ауыздықтауды әуеде жалғастыруда.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің нақтылаған мәліметтері бойынша, өрттің жалпы ауданы 3700 га аумақты құрайды. Оның ішінде орман аумағы – 1900 га. Өртті сөндіру жұмысы таулы жерде қиындық туғызып жатыр. Қабылданған шаралар өрттің қарқынды түрде таралуын тежеген. Бірақ осы қиындықтарға қарамастан, ұлттық парктегі өрт сөндірілген.

«Бүгін, 2019 жылдың 16 тамызында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің аумағында болған өрт ауыздықталды. Бұған төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Қарқаралы мемлекеттік ұлттық паркінің күші мен құралдарының, «Бұйратау», «Баянауыл», «Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Кувск шаруашылығы», сондай-ақ «Қазавиақұтқару» бөлімшелері қызметкерлерінен құрылған күштер мен құралдар тобының арқасында қол жеткізіліп отыр. Әуеге тікұшақтар да көтерілді. Жалпы біріккен күш-жігердің арқасында осы нәтижеге жеттік. Аздаған бықсыған орындар қалып отыр. Оларды сөндіргеннен кейін өрттің толық сөндірілгенін жариялаймыз», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

ТЖД қызметкерлері өртті толық сөндіру бағытында жұмыс жүргізбек. Өрттің нақты қалай шыққаны әлі белгісіз. Оны арнайы комиссия анықтайды. Алайда орман шаруашылығының өкілдері өрттің найзағайдан пайда болғанын болжап отыр.