Кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие алатындай жағдай жасауымыз керек

0
1 313

Бұл туралы Алматыға жасаған сапарында кәсіпкерлермен арнайы кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие алатындай жағдай жасауымыз керек

Кәсіпкерлерге төмен пайызбен несие алатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл туралы Алматыға жасаған сапарында кәсіпкерлермен арнайы кездескен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Алматыдағы «Атакент молл» сауда кешенінде кәсіпкерлермен жүздескен Мәулен Әшімбаев партия тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға барынша көмек жасалатынын жеткізді. «Алматы қаласында шағын және орта бизнестің рөлі зор. Ол үшін әкімдік тарапынан да үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстарға партиямыз да үлесін қосып, үнемі қадағалауында ұстап келеді. Дегенмен, кәсіпкерлердің шешілмеген мәселесі жеткілікті. Бүгінгі кездесуде кәсіпкерлеріміз несиенің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Банктен кәсіпкерлер несиені 20 пайызбен алатыны белгілі. Мұны реттеу үшін мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесте пайыздарға демеуқаржы беру саясаты жүргізіліп жатыр. Соның арқасында біраз кәсіпкерге несие төменгі пайызбен берілуде. Бұл - мемлекет тарапынан жасалып жатқан субсидия. Дегенмен, мәселені түбегейлі шешудің жолын қарастыруымыз керек. Оны демеуқаржының арқасында емес. Біз кәсіпкерлерімізге төмен пайызбен несие ала алатындай жағдайды экономикамызда қамтамасыз етуіміз керек. Кездесуде айтылғандарды сарапшы, экономист мамандармен бірге талқылаймыз. Жалпы бизнестегі ең үлкен мәселе - несиенің қолжетімділігі», - деді Мәулен Әшімбаев. Ол шағын және орта бизнесті қолдау партияның негізгі басым бағыттағы жұмыстарының бірі екенін атап айтты. «Елбасы 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Елбасы саясатының басты қолдаушысы ретінде «Нұр Отан» партиясы да бұл тапсырманы жүзеге асыруға белсене қатысуы керек. Кәсіпкерлерді қолдап, олардың мүддесін қорғау - партиямыздың басты міндеттерінің бірі». Мәулен Әшімбаев партия алдында тұрған әлеуметтік саладағы мәселелерді сараптау үшін саяси ұйым жанындағы сараптама институтының жұмысын күшейтетінін айтты.