Қаскөй қылмысты жасыру үшін көлікті өртеп жіберген

0
748

Күдікті көрші ауылдың 24 жастағы тұрғыны болып шықты.


Қаскөй қылмысты жасыру үшін көлікті өртеп жіберген

ERNUR.KZ. Алматы облысында қаскөй қылмыс ізін жасыру үшін қолды қылған көлігін өртеп жіберген, деп жазады polisia.kz.

Алматы облысы Ұйғыр ауданының полиция қызметкерлері көлікті ұрлап, кейіннен оны өртеп жіберген азаматты ұстады.

22 наурыз күні сағат 10.00 шамасында аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Ширин ауылының 37 жастағы тұрғыны түнде өзінің “Ауди-100” маркалы автокөлігін бәз біреулердің ауласынан айдап кеткендігі туралы арызданған.

Іздеуді ұйымдастырған полицейлер Ширин ауылының артындағы алаңнан өртеніп кеткен іздеудегі автокөлікті тапқан. Полиция қызметкерлері үй-үйді аралауды ұйымдастырып, бір сағат ішінде “ізін суытпай” күдіктіні анықтады. Ол көрші ауылдың 24 жастағы тұрғыны болып шықты.

Тергеу іс-әрекетінің барысында одан ұрланған автокөліктің үш дөңгелегі, кілттер жиынтығы, автомагнитол, аккумулятор және домкрат тәркіленді. Дәлелдемелер ұсынылғаннан кейін күдікті автокөлікті айдап әкетіп, ұрлағандығын және өртеп жібергенін толық мойындады.

Ұсталған азамат бұрын да бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін сотты болған.Қазіргі уақытта ол қамаққа алынды. Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша 188-баптың 3-бөлігі (ұрлық) және 202-баптың 2- бөлігі 1-тармағына (бөтеннің мүлкін өртеу арқылы қасақана жою немесе бүлдiру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр .