Қаскөй терминалды таксиге тиеп алып кеткен

0
715

Терминалдың ішінен шыққан ақшаны жұмсап үлгерген.


Қаскөй терминалды таксиге тиеп алып кеткен

ERNUR.KZ. Талдықорғанда ойын-сауық орталықтарының бірінде тұрған төлем терминалын ұрлап кеткен қаскөй ішіндегі ақшаның бір бөлігін пайдасына жаратып үлгерген, деп жазады polisia.kz.

Талдықорған қаласының Шығыс қалалық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне ойын-сауық орталықтардың бірінде орналасқан төлем терминалының ұрланғаны туралы хабар 20 мамыр күні түскен. Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.


"Қылмыстың ізін суытпай Сарқан ауданының 31 жастағы тұрғынын ұстадық. Күдіктіден ұрланған терминал мен сол аппараттан шыққан ақшаның бір бөлігі – 200 жүз мың теңге тәркіленді. Күдікті ұрлық жасағанын толық мойындады. Терминалды жалғыз жүріп далаға шығарып алған ол тоқтатқан таксиіне тиеп алып, жалдамалы пәтеріне алып барған. Такси жүргізушісіне терминалдың өз меншігі екенін және оны басқа жерге жеткізу керек болғанын айтқан. Жалдамалы пәтерде қолда бар құралдарын пайдаланып, терминалдың ақша салынған бөлігін сындыруға тырысқан. Ішінен шыққан ақшаның көп бөлігін қажетіне жұмсап үлгеріпті. Қалғанын біз тәркіледік", – дейді Талдықорған қаласы Полиция басқармасының басшысы Асқар Нұрсапа.

Қолға түскен тұрғын 2012 жылы да қарақшылық жасағаны үшін сотты болған екен. ҚР ҚІЖК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изолияторына қамауға алынды. Енді ол бүлінген терминалды және одан ұрланған ақшаны өтеуі қажет.