Каспий теңізіндегі итбалықтар қырылуының ықтимал себебі айтылды

0
822

Министр жануарлардың нақты өлу себебі тиісті сараптамадан кейін анықталатынын түсіндірді.


Каспий теңізіндегі итбалықтар қырылуының ықтимал себебі айтылды

ERNUR.KZ. Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар сауалдарына жауап берген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Каспий теңізіндегі итбалықтардың қырылуына күкіртті сутегінің бөлінуі себеп болуы мүмкін екенін айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ол жануарлардың нақты өлу себебі тиісті сараптамадан кейін анықталатынын түсіндірді.

«Итбалықтар оттегі алу үшін су бетіне жүзіп шығады, содан кейін қайтадан су түбіне түседі. Мүмкін осы аралықта әлдебір газдың бөлінуі олардың қырылуына әкеліп соғуы мүмкін. Бүгінде Каспий теңізінде 300 мыңнан астам итбалық мекендейді. Біздегі мәлімет бойынша Каспий теңізінде 300 мыңнан астам итбалық бар. Біз тиісті қорықты құру, сондай-ақ Каспий теңізі және биоалуантүрлілік мәселелері жөніндегі мемлекеттік институтты ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», - деді ол.

Еске салайық, өткен аптада Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында 141 итбалық өлексесі табылған болатын. Экология министрлігінің мәліметінше, барлық қажетті сынамалар оқиға орнында алынған. Алдын ала нәтижелер 2 аптадан кейін белгілі болады.