Каспий жағалауында итбалықтардың жаппай қырылу себебі анықталды

0
418

Каспий теңізінің жағалауында рейдтік іс-шаралар барысында 172 итбалықтың ұшасы табылған.


Каспий жағалауында итбалықтардың жаппай қырылу себебі анықталды

ERNUR.KZ. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті өткен жылы Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылуына не себеп болғанын мәлім етті, деп жазады ulysmedia.kz.

2022 жылғы 7 қарашадан 3 желтоқсанға дейінгі кезеңде Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында, Каспий теңізінің жағалауында рейдтік іс-шаралар барысында 172 итбалықтың ұшасы табылған.

«Ғылыми ұйымдар мен құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы сараптама нәтижесі бойынша 2022 жылғы қарашада табылған Каспий итбалықтарының көптеген дарағының қырылуының негізгі себебі теңіздің қазақстандық бөлігінде жануарлардың күзгі шоғырлануы кезеңінде аралас тұмау және морбилливирусты инфекцияның өршуі салдарынан вируспен байланысты пневмония деген қорытындыға келді», - делінген ведомствоның Facebook-парақшасында жарияланған хабарламада.

Мамандардың сөзінше, теңіз жануарларының иммунотоксикалық элементтермен және қосылыстармен созылмалы улануы олардың иммунитетінің төмендеуіне және ағзаның жалпы төзімділігіне байланысты жұқпалы ауруларға сезімталдығының жоғарылауына ықпал етеді.

«Осылайша, 2022 жылдың қарашасында табылған Каспий итбалықтарының қырылу себебі - иммунитеттің әлсіреуінен туындаған вирусты инфекциялардың өршуінен пайда болған пневмония. Иммунитеттің төмендеу себебінің бірі – жануарлардың тіршілік ету ортасының ластануы», - дейді комитеттегілер.