Қауіпсіздік сертификаты бір айда 130 мың кибершабуылдан қорғады

0
1 830

Мемлекеттік қызметкерлер қауіпсіздік сертификатын 1,5 жылдан бері қолданып келеді.


Қауіпсіздік сертификаты бір айда 130 мың кибершабуылдан қорғады

ERNUR.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев ұялы телефонға қауіпсіздік сертификатын орнату мәселесіне қатысты айтты, деп жазады baq.kz.

"Ұялы телефоныма SMS хабарлама келді. Сертифкатты орнаттым. Қауіпсіздік сертификаты не үшін қажет деген сұраққа келсек, бүгінде интернетте түрлі құқыққа қарсы контенттер көп. Одан бөлек бір күнде мыңдаған кибершабуыл жасалады. Интернет қауіптердің қатарына суицидке, экстремистік және террористік қимылдарға насихаттау және басқа да ҚР заңнамасына кері әсерін тигізетін контенттер жатады", - деді Жұмағалиев.

Ол қауіпсіздік сертификаты интернет қолданушыларын түрлі кибервирустардан қорғайтынын айтты.

"Мемлекеттік қызметкерлер қауіпсіздік сертификатын 1,5 жылдан бері қолданып келеді. Соңғы бір айда қауіпсіздік сертификаты 8 миллионнан астам вирус белсенділігі фактісін анықтап, 130 мыңнан астам мемлекеттік органдар мен мекемелерді кибершабуылдан қорғады. Біз, әрине, мемлекеттік қызметшілер қауіпсіздік сертификатымен өз еркімізбен жұмыс жасай береміз. Қаласаңыздар, қорғаныңыздар. Мемлекет осыған қатысты іс-әрекет жасады", - деді министр.