Қ.А.ЯСАУИДІҢ ТУҒАНЫНА 930 ЖЫЛ: Түркі жұрты тәу ететін кесенені қалай сақтаймыз?

0
4 501

Қожа Ахмет Ясауидің атына да, кесенеге де сызат түсіру ұлт тарихы үшін ауыр жағдай болатыны сөзсіз.


Қ.А.ЯСАУИДІҢ ТУҒАНЫНА 930 ЖЫЛ: Түркі жұрты тәу ететін кесенені қалай сақтаймыз?

Елімізде жыл сайын көпшілікке аты мәлім болған азаматтардың мерейтойы кең көлемде атап өтіледі. Сондықтан биыл қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының тарихында ерекше орын алатын кемеңгер ақын, сопылық ілімнің негізін қалаушы, күншығыс елдері мұсылмандарының рухани шырағы болған ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауидің (1093-1166) туғанына 930 жыл толғанын естен шығарған жоқпыз. Тиісінше, бүгінгі мақаламыз есімі түркі халқының рухани астанасы – Түркістанмен егіз ұғымға айналған қазақ жерінің даңты перзенті жайында болмақ.


Алдымен, артында көптеген мемлекеттердің мәдениетіне енген туындылар қалдырып, саналы ғұмырын руханиятты дамытуға арнаған тұлғаның өміріне тоқталсақ. Тарихи деректерге сүйенсек, Қожа Ахмет Ясауи 1093 жылы көне Исфиджаб, қазіргі Сайрам жерінде дүние есігін ашқан. Ал, оның тұлға ретінде қалыптасуы байырғы Ясы, қазіргі Түркістан қаласымен тығыз байланысты. Оның ұстазы – әйгілі ислам уағызшысы, бабтардың бабы – Арыстан-баб болған. Тиісінше, ол да исламды түркі әлеміне таратуға сүбелі үлес қосып, нәтижесінде Ясы шаһары – бүгінгі Түркістан күллі түркі халқының рухани діңгегіне айналған.


Қожа Ахмет Ясауидің діни қайраткер ғана емес, ұлы ойшыл және адуынды ақын болғанын әлемге мәшһүр болған шығармаларынан аңғаруға болады. Мәшһүр болған дейтін себебіміз, оның жазған-сызғанын көшпенділер жатқа айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырмаса, бізге де жетпеуі әбден мүмкін еді. Тіпті, Ясауидің философиялық еңбектері бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоймаған адамзаттың асыл қазынасы іспеттес. Себебі, оның әрбір ойы түбі бір түркі жұртын біріктіруге шақырады.

Қожа Ахмет Ясауидің 63 жасқа толғаннан кейін жер астындағы қылуетте өмір сүргені де баршаға мәлім. Ол бұл шешіміне өзінің жазбаларында: «Мен пайғамбар жасына келдім, алпыс үшке келдім, бұл маған жетеді, пайғамбар берген уақыттан артық өмір сүрудің қажеті жоқ» - деп түсінік берген. Ясауидің қанша жыл өмір сүргені туралы бірнеше дерек бар. Бір ақпаратта 73 жыл делінсе, тағы бірінде 85 жасқа дейін күн кешкені айтылады. Ал, Жүсіпбек Аймауытов ақынның 149-хикметіне сүйеніп, «Ясауи 125 жас жасаған» деп пікір білдірген.


Ғалымдардың пікіріне сүйенсек, Ахмет деген есімнің алдына қосылған «қожа» сөзі оның ислам дінін насихаттап, уағыз жасауына байланысты пайда болған. Ал «Ясауи» сөзі оның қай қаладан шыққанын білдіреді. Дегенмен біз оның алдымен Испиджабта туылып, жастайынан жетім қалғандықтан Ясы қаласындағы туыстарының қолына келгендігін айтуымыз қажет. Ол 17 жасында Ясы қаласына келіп, араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлең жаза бастап, шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойған. Содан соң, Бұхара шаһарындағы Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде білім алып, сопылық жолында қалаларды аралап, туған жеріне оралып, ұстазы салған жолды жалғастырады. Ясауидің бүгінге дейін жеткен ең атақты шығармасы – көне түркі тілінде қыпшақ диалектілерімен жазылған «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы»). Бірақ, бұл шығарманың түпнұсқасы сақталмаған. Төрт тармақты өлеңмен өрілген бұл шығарма ақынның бала кезінен пайғамбар жасына жеткенге дейінгі өмірінен сыр шертеді. Көрген азабы мен қайғысы, халыққа үстемдік жүргізген хандар, бектер мен қазылардың қателіктері, қиянаттары, бұл фәнидің жалғандығы – бәрі-бәрі айтылған.

Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері де ел арасына кеңінен таралған. Ол хикметтерінің мағынасына үңілсеңіз, адамды тек қана жақсылыққа шақырып, игі істерге үндейді. Содан да болар, қазір елімізде жыл сайын оқушылар арасында Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін жаттау бойынша республикалық байқау өтеді. Бұл – мемлекеттік идеологияның нағыз рухани діңгегі десек, қателеспейтін шығармыз. Себебі, оның хикметтерінен рухани азық алған адамның қандай да бір қиянатқа бара қоюы екіталай.


Түркістан қаласында мәңгілік тыныштық тапқан Қожа Ахмет Яссауи «Әзіреті сұлтан» деген атқа ие болып, оның қабірінің басына XIV ғасырдың соңында даңқты билеуші Әмір Темір күмбез орнаттырған. Ол күмбезді орнату барысы да қызық жағдаймен ерекшеленеді. Дәлірек айтсақ, ел аузында: «Қожа Ахмет Ясауи мазарын тұрғыза бастағанда қара дауыл қабырғаларын ұшырып немесе қара бұқа бұзып кете береді. Бір күні Әмір Темірдің түсіне Қызыр баба кіріп, алдымен Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстанбабқа мазар тұрғызу жөнінде аян беріпті. Темір Қызырдың айтқанын екі етпей орындап, содан кейін барып қана өзі ойлаған жұмысын іске асыра алған екен» - деген аңыз бар. Сондықтан әлі күнге дейін Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне келіп зиярат етушілер алдымен Арыстанбабтың басына барады.


Тарихқа көз жүгіртсек, 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы іске қосылса, 1989 жылдың 28 тамызында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Ал, Түркия елімен бірлесе жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусым айында Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бүгінде бұл қасиетті орын күллі түркі халықтарының тәу ететін мекені болып отыр. Жыл сайын жүз мыңдаған адам қонаққа келіп, ұлы бабамыздың басына зиярат етеді.


Дегенмен соңғы жылдары осы бір бүкіл әлем білетін кесенеге қауіп төніп тұр деген ақпарат жиі-жиі жарияланып кетті. Сондықтан түркі халықтарының күллі ғалымы Түркістанға жиылып, бұл мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарастырып жатыр.

Бұл мәселе мемлекет басшыларының назарынан да тыс қалмай, наурыз айының соңында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде кешенді зерттеу басталды. Себебі, 2022 жылғы 27 қыркүйекте Түркістанға барған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бірегей архитектуралық-тарихи кешені – XIV ғасырға жататын Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау бойынша тапсырма берген болатын.


Өйткені, 2021 жылы «Қазреставрация» қызметкерлері кесененің техникалық жай-күйі қанағаттанарлық жағдайда деп баға бергенімен, соңғы уақытта температура мен ылғалдың маусымдық өзгеруі, дренаждық ұңғымалар арқылы өтетін жерасты сулары тарихи ғимаратқа кері әсерін тигізе бастаған. Содан тарихи жәдігерді сақтау үшін Мәдениет және спорт министрлігінің үйлестіруімен зерттеу жұмыстарының кешенді бағдарламасы әзірленіп, биыл реставраторлар, экологтар, геологтар және басқа да мамандарды тарта отырып жоспарланған жұмыстар басталып кетті. Тиісінше, Түркістан облысының әкімдігі мен Мәдениет және спорт министрлігіне кесене маңындағы абаттандыру жұмыстарын жүргізу кезінде тарихи нысанға зиян келтірмеу үшін ылғалдың оңтайлы деңгейін сақтау тапсырылған.


Ал, сәуір айының соңында Президент тапсырмасына сәйкес, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау және оның техникалық ахуалы жөнінде кеңес өткізді. Осы орайда Ерлан Қарин мемлекеттік органдар, сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірге кесененің жағадйымен танысып шыққан. Сөйтіп, ескерткішті сақтау басты міндет екенін айтып, мемлекеттік органдарға сарапшылар қауымдастығымен тығыз жұмыс істеп, кесененің жағдайын бақылауда ұстауды тапсырған.

Ал, бұған дейін журналист, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазіргі қауіпті жағдайын көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Өз кезегінде Алтай Көлгінов бұл сауалға жауап беріп: «Қазіргі таңда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ылғалдану жағдайы бойынша зерттеу, зерделеу жұмыстары қолға алынған. 2022 жылы Кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылды. Мүдделі министрліктердің қарамағындағы ғылыми-зерттеу институттары Түркістан қаласында болып, жерасты, жер бетіндегі (суғару, жасанды канал) суларының кесенеге ықпалына алдын-ала зерделеу жүргізді. Сонымен қатар, Кесенені қабырғаларынан алынған кірпіш, сталактит, құм қоспасының физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерін анықтау бойынша лабораториялық зерттеулер жасалды. Биыл 28 наурызда кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өткіздім. Нәтижесінде мүдделі мемлекеттік органдарға кесененің жағдайының нашарлауын анықтау бойынша тиісті институттар мен мамандарды тарта отырып, зерттеу жұмыстарын тездету, оған іргелес орналасқан Яссы бағын пайдалануға беру барысында ғалымдар мен мамандардың ұсынымдарына сәйкес жасыл желектерді суару нормаларын сақтау және тағы басқа тапсырмалар берілді», - деп мәлімдеді.


Оның сөзіне сүйенсек, кесененің жағдайын зерттеу жұмыстарына биыл бірнеше ғылыми ұйым атсалысады. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінген. Енді мемлекеттік деңгейде қолға алынған бұл істен оң нәтиже шығады деп сенеміз. Әйтпесе, Қожа Ахмет Ясауидің атына да, оның басына тұрғызылып, қазақтың хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары жерленген кесенеге де сызат түсіру ұлт тарихы үшін ауыр жағдай болатыны сөзсіз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ