«ҚазАгро» Qazaq banki-нен 20 млрд теңгені қайтарып алмақ

0
915

Енді бұл ақшаны қайтарып алудың бір ғана жолы - банктен қалған мүліктерді сату


«ҚазАгро» Qazaq banki-нен 20 млрд теңгені қайтарып алмақ

ERNUR.KZ. "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі банкротқа ұшыраған Qazaq banki-нен 20 млрд теңгені қайтарып алмақ, деп жазады baq.kz.

Ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қомақты қаржы аталған банктің шоттарына салынған. Алайда банк те оған салынған қаражат та құрдымға кеткен. Енді бұл ақшаны қайтарып алудың бір ғана жолы - банктен қалған мүліктерді сату.

Ғимараттардың аукционы осы аптаға жоспарланып отыр. Астананың орталығындағы Сарайшық 24 мекен жайында орналасқан коттедждің ауданы 559 шаршы метр. 20-желтоқсанда коттедж аукционға шығарылады. Оның бастапқы бағасы 505 млн теңге. Бұл Qazaq banki-нен «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингіне берілген жалғыз ғимарат емес.

Сонымен қатар аукционға Алматы қаласындағы әрқайсысының ауданы 150 шаршы метрден, бағасы 75 млн теңгеден асатын 13 пәтер, әрі 1 млрд теңгені құрайтын 6 қабатты әкімшілік ғимарат, 2 млрд теңгеге бағаланған бизнес орталық пен 3 млрд теңгені құрайтын жатақхана ғимараты шығарылған. Аталған нысандар Алматының орталық көшелерінде орналасқан.

«ҚазАгро» ұлттық холдингінен бөлек, Qazaq Banki-нен қарызын ала алмай жүрген 18 мың жеке және заңды тұлға бар. Олардың бәрі 3-4 айдан бері банкроттық туралы сот шешімін күтті. Ол жақында ғана шықты», - дейді «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің баспасөз хатшысы Әсел Ғаббасова.