«Қазақфильм» туындылары Лондонда марапатталды

0
1 069

«Менің атым Қожа» картинасы «Мәңгілік классика. Әлемдік тану» құрметті марапатына ие болды.


«Қазақфильм» туындылары Лондонда марапатталды

ERNUR.KZ. Жуырда Лондон қаласында «Romford Film Festival» Британ кинофестивалі аясында өткен Eurasian Creative Guild Film Festival-да қазақстандық үш фильм марапатқа ие болды, деп жазады «Хабар 24».

Кино фестиваліне кеңес және қазақ киносының классигі Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» және Азиз Заировтың «Қыз бен теңіз», сондай-ақ Елена Лисасинаның «Финансист» («Қазақфильм» АҚ жобасы болып табылмайды) қатысты.

«Алтын қордың» маржаны болып табылатын «Менің атым Қожа» картинасы «Мәңгілік классика. Әлемдік тану» құрметті марапатын иемденіп, ал «Қыз бен теңіз» фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Динара Шәріпова фестивальдің «Ең үздік актрисасы» деп танылды. «Финансист» картинасы «Көрермендер көзайымы» сыйлығымен марапатталды.

Айта кететін жәйт, арнайы фестиваль үшін Абдолла Қарсақбаевтың классикалық картинасын дубляждауға 17 ағылшын тілінде сөйлеушілер қатысты.

«Мағынасы өте терең және ойлы фильм, классикалық туынды атанғанын және Қазақстанда бұл фильмді қалай жақсы көретінін мен түсіндім», - деп фильм көрсетілімінен соң канадалық продюсер Дейл Крэйглсуэй өз ойымен бөлісті.

«Бұл Еуропа аумағындағы бірінші еуразиялық кинофестиваль. Сондықтан, оларға (еуропалықтарға) жаңа әрі қызықты туынды. Олар фильм арқылы біздің тарихымызды біліп, танығысы келеді. Бұл тек қана қазақ мәдениетін ғана емес, классикасын тану», - деді Eurasian Creative Guild Film Festival директоры Майра Қарсақбаева.

ECG Film Festival (Eurasian Creative Guild Film Festival) – Еуразия аймағындағы кинематографияны дамытатын алаң. Фестивальдің мақсаты – ағылшынтілді ортада еуразиялық киноларды дамыту және әлемдік мамандармен еуразиялық киноөкілдерді таныстыру. Әлемді Еуразия елі мен халықтардың байланысын бейнелейтін туындылармен таныстыру. Ынтымақтастық, бірге даму және өсу мүмкіндіктерін көрсету. Осы жылы фестивальде фильм көрсетілімдерінен бөлек, продюсерлердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Бөлісу