Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға шықты​

0
1 204

Адам ұрлығы карантин кезінде де тыйылмаған.


Қазақстан адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға шықты​

Еліміз адам саудасы бойынша әлемде екінші орынға шықты! Қазақстанда жыл сайын 80-ге жуық адам құлдықтың құрбанына айналады екен, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Полицейлер небәрі 3 күнде адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмыстың бетін ашқан. Оның ішінде шаруа қожалықтарында мәбүрлі түрде жұмысқа жегілгендер де бар. Ал қылмыстық топтар отандастарымызды алдап, Бахрейн,Түркия және Оңтүстік Кореяға сататын көрінеді.

1200-ге жуық отандасымыз қазір іздеуде. Яғни, ай мен күннің аманында іс-түссіз жоғалып кеткендер. Хабар-ошарсыз кеткендердердің көбі әдетте адам саудасының құрбанына айналады. Еркінен тыс жұмысқа жегіліп, ішкі ағзалары саудаланады. Я болмаса, сексуалдық құлдыққа салынып, шетел асады.

Туысыңмын деп жүрген әпкесі өзбекстандық бойжеткенді 13 жасынан бастап жезөкшелікке жеккен. «Қазақстанда жұмыс бар» деп алдап, қылмыстық топқа өз қолымен табыстап жібереді. Одан әрі қолдан қолға сатылып кете барады. Еліміздің құзырлы органдары бір жылда тап осылай адамдықтан аттаған 15 қаскүнемді анықтапты. Олар шетел азаматтарымен бірігіп, адам саудалаған.

"Ішкі нарықта да адам саудасына қатысты статистика жоғары. Биыл 10-12 қыркүйек арасында «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қазақстанның ішінде адам ұрлығы бойынша 50 факт әшкерленген. Олардың арасында жезөкшелік пен мал бақтыру, шаруашылық жұмыстарына еркінен тыс пайдалану жағдайлары көп. Күдіктілерге Қылмыстық Кодекстің 126- бабы негізінде іс қозғалды" - дейді ДУМАН ТАЕВ, ҚР ІІМ КРИМИНАЛДЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ.

Карантин кезеңінде де адам ұрлығы тыйылмапты. Жыл басынан бергі статистика да көңіл көншітпейді. Елде адам еңбегін пайдалану, заңсыз жұмысқа жегу немесе өзге де құлдыққа салу деректері бойынша 80-ге жуық құрбан босатылған.
"Жыл сайын ішкі істер органдарында елімізде және шетелде адам саудасына құрбан болып 80-ге жуық адам анықталды. Жыл сайын адам саудасына қатысты шамамен 180 қылмыстық іс қозғалады. Бүгін айтылғандай, адам саудасына және оған ілеспе қылмыстар үшін қылмыстық кодекстің 8 бабына жауапкершілік көзделген" - дейді ДУМАН ТАЕВ.

Есет Байшолақовтың жалғыз ұлын шарқ ұрып іздеп жүргеніне жиырма күннің жүзі болды. Тал түсте үйінен шығып кетіп кері оралмапты. Елде адам жоғалудан Ақтөбе облысы алғашқы үштікте. Әсіресе, үйінен шығып кетіп, артынан хабар-ошарсыз кеткендер азаймай тұр. Олардың дені ер азаматтар.

«Егер адам келмеген болса, ұзақ уақыт бойы телефон қоңырауларына жауап бермесе, туыстары, достары, әріптестері оның қайда екенін білмесе, полицияға 102 номеріне хабарласып, қоңырау шалуы керек», -дейді ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ.
Қазір ғана еліміз бойынша 1200 адам іздеуде деген деректі келтірдік. Олардың ішінде 22-сі бала. Walk Free халықаралық ұйымының мәліметінше, 75 мың отандасымыз құлдықтың қамытын киген. Ал ашық дереккөзде адам саудасы бойынша Қазақстан 167 мемлекеттің ішінен 83-орынға жайғасыпты. Біздің елдің азаматтары көбіне Бахрейн,Түркия және Оңтүстік Кореяға сатылатын көрінеді.