Қазақстан АҚШ-тың АЭС пайдалану бойынша білім бағдарламасына қатысады

0
666

Бағдарлама әлемде енгізіліп жатқан АЭС-ке арналған озық ядролық технологиялармен және жаңа инновациялармен танысуға мүмкіндік береді.


Қазақстан АҚШ-тың АЭС пайдалану бойынша білім бағдарламасына қатысады

ERNUR.KZ. Қазақстан АҚШ-пен ынтымақтастық аясында шағын модульдік реакторлар бойынша FIRST бағдарламасына қатысады, деп жазады sputnik.kz.

ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен және АҚШ мемлекеттік департаментінің "Қауіп-қатерді бірлесіп азайту" бағдарламасының ядролық қаруды таратпау жөніндегі халықаралық қауіпсіздік бюросының өкілдерімен кездесті.
Америкалық тарап FIRST – "Шағын модульдік реакторлар технологияларын жауапты пайдалануға арналған базалық инфрақұрылым" бағдарламасына қатысуды ұсынды. Бағдарлама ядролық қауіпсіздік пен таратпау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес атом энергетикасын дамытудың ұлттық бағдарламасын әзірлеуде әлеуетті арттыруда АҚШ-тың әріптес елдеріне қолдау көрсетуге бағытталған.
Бағдарлама әлемде енгізіліп жатқан АЭС-ке арналған озық ядролық технологиялармен және жаңа инновациялармен танысуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы АЭС
Қазақстан 1990 жылдардан бастап атом электр станциясын салу жөніндегі жоспарды іске асыру үшін бірнеше рет қадам жасады.
2000 жылдардың басында Маңғыстау атом энергия комбинатының пайдаланудан шығарылған энергия блогының орнына АЭС салу туралы нұсқа қарастырылған еді. Бірақ жүргізілген келіссөздерден еш нәтиже шықпады.
2016 жылдың қарашасында энергетика министрі Қанат Бозымбаев республика электр энергиясының мол болуына байланысты республика кем дегенде жеті жыл бойы АЭС салмайтынын мәлімдеген еді.
Үш жыл өткен соң, яғни 2019 жылы, Ресей президенті Владимир Путин президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресей технологиясы бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтты.
Бүгінде мамандар қай технология бойынша АЭС салуды таңдау үстінде. Қазақстан Қытай, Корея, Ресей, АҚШ және Франциядан алты вендордан техникалық-коммерциялық ұсыныстар алды.
Жобаны іске асыру мерзімі 10-12 жылды құрайды. Премьер-министрі Әлихан Смайылов Қазақстандағы АЭС халықаралық жоба болатынын мәлімдеді.