Қазақстан ауған студенттеріне білім беру бағдарламасын жалғастырады

0
398

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдады.


Қазақстан ауған студенттеріне білім беру бағдарламасын жалғастырады

ERNUR.KZ. Қазақстанда ауған студенттеріне білім беру бағдарламасы жалғасады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Ауған студенттеріне арналған білім бағдарламасын жандандыру мәселесі 19-20 қаңтарда Брюссель қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері және Еуроодақтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің үшінші отырысында көтерілді. Қазақстандық делегацияны сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Талғат Қалиев бастап барған.
"Отандық жоғары оқу орындары Еуроодақ қаржыландыратын және БҰҰ Даму бағдарламасы іске асыратын Қазақстанда, Қырғызстанда және Өзбекстанда ауған студенттеріне арналған білім беру бағдарламасына белсенді қатысуын жалғастыратынын растады", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Отырыста, сондай-ақ өңірлік сын-қатерлерге шолу жасау және ауған халқына үздіксіз көмек көрсету бойынша тараптардың ынтымақтастығы талқыланған.
"Ауғанстандағы тұрақты бейбітшілік пен орнықты дамуға жан-жақты қолдау расталды. Ауғанстандағы әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау жағдайының нашарлауына байланысты алаңдаушылық білдірілді", - деді СІМ ресми өкілі.
Талғат Қалиев Қазақстан тарапы ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету бойынша алған ұлттық міндеттемелерін толық жүзеге асыруды көздеп отырғанын мәлімдеді. Бұл тұрғыда қазақстандық аграрлық кәсіпорындардың БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасымен өзара іс-қимылы аталып өтті.
Мәселен, СІМ ақпаратынша, осы іспеттес ынтымақтастық аясында 2022 жылдың бірінші жартысында Ауғанстанға 456 мың тонна қазақстандық ұн жеткізілген.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар бірлескен мәлімдеме қабылдады.