Қазақстан Әзербайжан еліне 124 млн долларға өнім экспорттаған

0
860

Еліміз Әзербайжанның 15 ірі импорттаушыларының қатарына кірді.


Қазақстан Әзербайжан еліне 124 млн долларға өнім экспорттаған

ERNUR.KZ. Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық ынтымақтастығы нығайып, елдер арасындағы сауда-саттық артуда, деп жазады «Хабар 24».

Мәселен, биыл алғашқы жартыжылдықта қазақстандық астық экспорты үш есе өскен. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда көлемі артты. Мемлекеттік кеден комитетінің мәліметі бойынша, 6 айдың ішінде елдер арасындағы тауар айналымы өткен жылға қарағанда 16% өсіп, 136 млн долларды құрады. Қазақстан Әзербайжан еліне 124 млн долларға өнім экспорттады. Бұл дегеніміз бұған дейінгі көрсеткіштен 33 пайызға көбірек. Соған орай, еліміз Әзербайжанның 15 ірі импорттаушыларының қатарына кірді.

Аграрлық зерттеулер орталығының директоры Фирдовси Фикретзаденің айтуынша, 6 ай ішінде Қазақстаннан 60 млн долларды құрайтын ауылшаруашылық өнімдері импортталды. Оның 57 млн доллары бидайға тиесілі. Қалған бөлігіне басқа да дәнді дақылдар сатып алынды.

Әзербайжанның Ауылшаруашылық министрлігі өкілдерінің мәлімдеуінше, осы кезең аралығында қазақстандық астық импорты үш есеге өскен. Бұған бірыңғай кедендік тарифтер себепші болған.

«2018 жылдан бастап екі ел арасындағы сауда қатынастар қарқынды дамып келеді. Бұған бірыңғай кедендік тарифтердің өсуі де сеп болды. Сондықтан кәсіпкерлердің қызығушылығы арта түсуде»,- дейді экономист Вугар Байрамов.

Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық бидай өнімдерінің сапасы жоғары болғандықтан, бәсекеге қабілетті болып қала бермек. Сондықтан Әзербайжан нарығында қызығушылық артып келеді.