​Қазақстан Doing Business рейтингінде 8 саты жоғарылады

0
1 415

Қазақстан бір жылдың ішінде бірден 8 саты жоғарылап, 28-орынға орналасты. Былтыр біздің ел 36-орында болатын.


​Қазақстан Doing Business рейтингінде 8 саты жоғарылады

ERNUR.KZ. Doing Business 2019 (Бизнес жүргізу 2019) рейтингінде Қазақстан Республикасы 28-орынға тұрақтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Дүниежүзілік банктің баяндамасына сілтеме жасап.

Қазақстан бір жылдың ішінде бірден 8 саты жоғарылап, 28-орынға орналасты. Былтыр біздің ел 36-орында болатын.

Биылғы рейтингтің үздік ондығында ретімен Жаңа Зеландия, Сингапур, Дания, Гонконг (Қытай), Корея Республикасы, Грузия, Норвегия, АҚШ, Ұлыбритания және Македония сынды елдер тұр. Тізім соңында Сомали орналасқан.

Айта кетейік, биылғы тізімде Қазақстан Испания, Ресей, Франция, Түркия, Жапония, тіпті Қытай секілді алпауыттарды артқа тастаған.

Doing Business баяндамасы осымен 16-шы рет жарияланып отыр, ол 190 елді қамтиды. Баяндамада бизнесті жүргізуге мейлінше мүмкіндік беретін немесе кедергі жасайтын реттеу нормалары зерттеледі. Оның ішінде кәсіпорындар салу, бизнес жүргізу, сыртқы сауда қызметін іске асыру, салықтарды төлеу, сондай-ақ инвесторлардың құқығын қорғау сияқты бағыттар да түгел қамтылады.

Рейтингте 190 саты бар. Елдің осы рейтингтегі орны неғұрлым жоғары болса, онда бизнесті жүргізуге жасалған мүмкіндіктер, кәсіпкерлік орта, кәсіпорындар ашу мен жүргізудің жағдайлары да соғұрлым жақсы деген сөз. Әр елдің орны он бағыт бойынша анықталады. Әрбір бағыт біркелкі индикаторлық мәнге ие бірнеше көрсеткіштен тұрады.