Қазақстан ет пен сүт өндіруден көш бастап тұр

0
1 076

2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 1,3 млн тоннадан астам мал мен құс етін өндірді.


Қазақстан ет пен сүт өндіруден көш бастап тұр

ERNUR.KZ. Қазақстан ет пен сүт өндірісінің өсуі бойынша Еуразиялық экономикалық одақта көшбасшы болып қалды, деп жазады baq.kz.

Ет

2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 1,3 млн тоннадан астам мал мен құс етін өндірді. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем 4,8%-ға өсті.

Одақтың статистикалық мәліметтері бойынша бұл өсім ЕАЭО елдері арасында ең жоғары болды. Қырғызстан аталған өнімдерді шығаруды 2%-ға — 289,5 мың тоннаға дейін, Ресей — 1,7%-ға — 10,4 млн тоннаға дейін ұлғайтты.

Бұл ретте Армения мен Беларусь, керісінше, ет көлемін тиісінше 2,1%-ға — 69 мың тоннаға дейін және 1,7%-ға -1,3 млн тоннаға дейін төмендетті.

Сүт

Сүт өндірісіне келетін болсақ, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша көшбасшы болып қала береді. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елде 4,7 млн тонна сүт өндірілді, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1%-ға көп.

Өз кезегінде Қырғызстанда сүт өндірісі 2,4%-ға — 1,3 млн тоннаға дейін, Ресейде — 1,7%-ға 24,2 млн тоннаға дейін өсті.

Алайда, Армения мен Беларусьте көрсеткіш тиісінше 4,3%-ға 574,9 мың тоннаға дейін және 0,1%-ға 5,6 млн тоннаға дейін төмендеді.

Жұмыртқа

Қазақстанның жұмыртқа өндірісінде біршама өзге жағдай қалыптасты. Есепті кезеңде ел аталған өнімді шығаруды 0,1%-ға — 4,2 млрд данаға дейін қысқартты. Төмендеу Ресейге (-0,5% — 34 млрд данаға дейін) және Арменияға (-1,8% — 600,5 млн данаға дейін) да қатысты болды.

Оң динамика Беларусьте (+5,2% — 2,7 млрд данаға дейін) және Қырғызстанда (+5,4% — 444,4 млн данаға дейін) тіркелді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында ет пен сүт өндірісінің өсуі бойынша көшбасшылық позицияға ие болды.