Қазақстан Интернет жылдамдығы бойынша Ресей мен Малайзияны басып озды

0
381

Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша елдер рейтингінде 80-орынға тұрақтады.


Қазақстан Интернет жылдамдығы бойынша Ресей мен Малайзияны басып озды

ERNUR.KZ. Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша Ресей мен Малайзияны басып озды, деп жазады Tengrinews.kz.

2021 жылдың маусымында мобильді интернет жылдамдығы бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 80-орынға тұрақтады. Бұл бір ай бұрынғыға қарағанда бес орын, бір жыл бұрынғыға қарағанда 15 орынға жоғары. Мобильді интернет жылдамдығы секундына 30,18 мегабитке жетті. Өткен жылдың маусымында бұл көрсеткіш 21,25 болған.

"Интернет байланысының жылдамдығы төртінші ай қатарынан үдемелі қарқынмен өсіп келе жатқанын атап өткен жөн", - делінген басылымда.

ТМД елдерінің ішінде Қазақстанда мобильді интернеттің жылдамдығы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстанға қарағанда жоғары. Әлемнің өзге елдері арасында Қазақстан Малайзия, Египет, Үндістан, Венесуэланы басып озды.

Маусымда әлемдегі мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 55,34 мегабит болды. БАӘ (секундына 193,51 мегабит), Оңтүстік Корея (секундына 180,48 мегабит) және Қатар (секундына 171,76 мегабит) сияқты елдер көш бастап тұр. Ең төменгі жылдамдық Ауғанстанда тіркелді - секундына 7,37 мегабит.

Қазақстанда биыл 1 шілдеде 24,2 миллион ұялы байланыс абоненті есептелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Оның ішінде 15,8 миллион абонент Интернет қолдана алады.